Тәтті ауылдық округі ауыл мәдениетінің байлығын танытты

0 6

«Ауыл мәдениеті – ел айнасы» байқауының кезекті кезеңі Тәтті ауылдық округіне қарасты Ақжол ауылында өтті. Мерекелік безендірілген ауыл алаңында ұлттық өнер, тұрмыс-салт пен ауыл еңбегін ұштастырған көрмелер ұйымдастырылды.

Қолөнер шеберлері мен мектеп мұғалімдері дайындаған бұйымдар, тігін туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Ауылдың жетістіктері мен осы өңірден шыққан белгілі азаматтарды таныстыратын көрме де жұртшылықтың назарын аударды. Кітап көрмесінде жыр алыбы Жамбыл Жабаев пен көрнекті ғалым Темірбек Қожакеевтің еңбектері, олардың өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптар қойылды.

Ұлттық киім киген әжелер жүн түтіп, қолөнердің қыр-сырын көрсетті. Алаңдағы нан пісіру, қымыз ашыту, ет асу, дастарқан жаю көріністері қазақ ауылының байырғы тіршілігін көз алдына әкелді. Ауыл тұрғындары әзірлеген құрт, май, ірімшік пен жеміс-жидек өнімдері де көрмеден орын алды.

Ауыл шаруашылығы көрмесінде асыл тұқымды қойлар мен түрлі техникалар таныстырылды. Спорттық алаңдарда арқан тартыс, қол күрес және доп ойындары ұйымдастырылып, қатысушылар өзара бақ сынады.