«Меркі әуендері» – өнерге айналған жарты ғасыр

0 5

Бүгін Меркі аудандық мәдениет үйінде «Меркі әуендері» халықтық ән-би ансамблінің 50 жылдығына арналған «Өнерге айналған жарты ғасыр» атты мерекелік кеш өтті. Өнер ұжымының мерейтойы ансамбльдің қалыптасуына еңбек сіңірген ардагерлерді, бүгінгі өнерпаздарды және өнерсүйер қауымды бір ортаға тоғыстырды.

Мерекелік шара мәдениет үйінің алдындағы концерттік бағдарламадан басталып, ансамбльдің жарты ғасырлық жолын бейнелейтін фотоқұжаттар галереясын тамашалаумен жалғасты. Көрмеге қойылған суреттер мен тарихи деректер ұжымның шығармашылық белестерін, әр жылдары өнер көрсеткен азаматтардың еңбегін көпшілікке таныстырды.

Салтанатты кешке аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оңал Азаматова, Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші, сазгер, философия докторы (PhD) Бағлан Бәбіжан, сондай-ақ мәдениет саласының ардагерлері мен белгілі өнерпаздар қатысты.