Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастыратын, қоғам дамуының басты бағыттарын айқындайтын маңызды құжат. Ол елдің бүгінгі тыныс-тіршілігімен қатар, болашаққа арналған даму бағдарларын да белгілейді. Сондықтан Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануы еліміздің қоғамдық-саяси және құқықтық дамуындағы маңызды кезең болып саналады.
2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енді. Бұл – елдің конституциялық дамуындағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді.
Жаңа Ата Заңның кіріспесінде Қазақстан халқының тарихи сабақтастығы, мемлекеттілікті нығайту, тәуелсіздікті сақтау, бірлік пен ынтымақты бекемдеу секілді іргелі құндылықтар көрініс тапқан. Сонымен қатар бейбітшілікке ұмтылу, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік, прогресс пен жасампаздық идеялары айқын көрсетілген.
Конституцияның үшінші бабында Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттары белгіленген. Олардың қатарында халықтың әл-ауқатын арттыру, қоғамдық диалогты дамыту, еңбексүйгіштік пен прогресс құндылықтарын бекіту бар. Бұл бағыттар мемлекеттің ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындап, қоғамдық өмірдің түрлі салаларындағы жұмыстың құқықтық негізін қалыптастырады.
Жаңа Конституцияның маңызды ерекшеліктерінің бірі – адам капиталын, ғылым мен инновацияны ел дамуының стратегиялық бағыты ретінде тануы. Қазіргі әлемде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі тек табиғи ресурстармен немесе экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Ол қоғамның әлеуетіне, азаматтардың мүмкіндіктеріне, жаңа идеялар мен технологияларды игеру қабілетіне де байланысты.
Осы тұрғыдан алғанда, Конституцияда бекітілген прогресс пен жасампаздық қағидаттарының маңызы зор. Олар елдің алдағы дамуында жаңашыл бастамаларға, тиімді шешімдерге және қоғамдық белсенділікке жол ашады.
Ата Заңның тағы бір маңызды қыры – мемлекеттік дамудың негізгі қағидаттарын біртұтас жүйеге біріктіруі. Егемендік, тұрақтылық, қоғамдық келісім, жауапты азаматтық ұстаным және халықтың әл-ауқаты өзара сабақтас құндылықтар ретінде қарастырылады.
Менің пайымдауымша, Конституцияның мазмұнын білу – әр азамат үшін маңызды. Өйткені ол тек мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін құжат емес, сонымен бірге қоғам мен мемлекет арасындағы қатынастардың ортақ құқықтық негізі.
Жаңа Конституцияның әлеуеті оның нормаларын күнделікті өмірде жүйелі жүзеге асыру арқылы ашылады. Сондықтан Ата Заңды түсіну, оның талаптарын құрметтеу және қоғамдық дамуға жауапкершілікпен қарау – баршамызға ортақ міндет.