Құқықбұзушылық – қоғам қатері

0 3

Жуырда № 5 Ақарал жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында «Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында мектепішілік ата-аналар жиналысы өткізілді. Жиналысқа Меркі АПБ бастығының орынбасары Е. Түменбаев, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция тобынан полиция майоры Е. Тупеков қатысты.

Кездесу барысында орган қызмет­керлері кәмелетке толмағандар ара­сындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, құқықтық жауапкершілік, тәртіп сақтау, сондай-ақ, қоғамда және білім беру ортасында кездесетін буллинг пен кибербуллинг мәселелерін жан-жақты түсіндірді. Мамандар буллингтің түрлері, оның психологиялық әсері мен салдары, сондай-ақ, оның алдын алу жолдары туралы кеңінен мәлімет берді.
Сонымен қатар, мектеп бітіру кештерін білім мекемесінен тыс жерде өткізуге қатаң тыйым салынатындығы, сондай-ақ, түлектерден, олардың ата-аналары мен заңды өкілдерінен қаржы немесе басқа да материалдық құндылықтар жинауға үзілді-кесілді жол берілмейтіндігі, көлік кортеждерінің шығуына қатаң тыйым салынатындығы ескертіліп, оған жол берген жағдайда заң алдындағы жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жиналыс соңында ата-аналарға кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға, тәртібіне, психикалық, адам­гершілік-рухани дамуына қажетті өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін жауапкершілікте екендігі туралы ақ­параттық-түсіндірме жұмыстары жүр­гізіліп, жадынамалар таратылды.