Ғылым – тек зертханадағы тәжірибелер мен күрделі формулалардың жиынтығы емес. Кейде үлкен жаңалық күнделікті өмірде кездесетін қарапайым сұрақтан бастау алады.
Бүгінде ізденімпаз оқушылардың ғылыми жобалары олардың шығармашылық қабілеті мен зерттеушілік әлеуетін ғана емес, қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымын да айқындап келеді. Туған жерді тану, цифрлық технологиялардың мүмкіндігін пайдалану, білім мен ғылымды ұштастыру бағытында еңбек етіп жүрген жас зерттеушілердің табысы – соның жарқын дәлелі.
⠀
Өлшем өзгерткен әлем
⠀
Т. Рысқұлов ауданындағы жас зерттеуші Ақбілек Алахан «Өлшем өзгерткен әлем» тақырыбындағы зерттеу жобасын әзірлеп, облыстық «Зерде» зерттеу жобалары байқауында ІІІ орынды иеленді. Жоба жетекшісі – Гүлнәр Самбетқұлова. Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты – макетте бейнеленген нысандар арасындағы арақашықтықтардың нақты қашықтықтарға сәйкестігін анықтау, қолданылған масштабтардың дәлдігін тексеру және қателік пайызын есептеу арқылы модельдің нақтылығын бағалау. Жобаның өзектілігі қазіргі цифрлық технологиялардың кеңінен қолданылуымен тығыз байланысты. Бүгінде адамдар күнделікті өмірде Google Maps сияқты цифрлық карталарды пайдаланып, бейтаныс қалаға немесе елге сапар алдында маршруттарын алдын ала жоспарлайды. Олар нысандардың бір-бірінен қашықтығын, жүру уақытын және ең тиімді бағытты анықтайды. Мәселен, Париж қаласына саяхат жасауды жоспарлаған адам алдымен Эйфель мұнарасы, Лувр музейі, Нотр-Дам соборы мен Триумф аркасы сияқты тарихи орындардың орналасуын карта арқылы белгілеп, олардың арақашықтығын есептеп, уақытын тиімді үйлестіреді. Мұндай жоспарлаудың барлығы масштабтың дәлдігіне негізделетіні белгілі. Осы мысал арқылы оқушы масштабтың тек математика пәніндегі теориялық ұғым емес, күнделікті өмірде кеңінен қолданылатын маңызды құрал екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге ұмтылған. Зерттеу барысында ауылдағы бірнеше маңызды нысан таңдалып, олардың макеттегі және нақты жердегі арақашықтықтары өзара салыстырылды.
⠀
Нақты қашықтықтар Google Maps платформасы арқылы анықталып, әр бағыт бойынша масштаб есептелді. Нәтижесінде макетте бірнеше түрлі масштаб қолданылғаны белгілі болып, олардың қателік көрсеткіштері есептелді. Зерттеу қорытындысы бойынша ең төменгі қателік 4,8 пайызды, ал ең жоғарысы 26,8 пайызды құрады. Жобаның ғылыми жаңалығы – ауыл макетінің дәлдігін математикалық есептеулер арқылы бағалап қана қоймай, масштаб ұғымын цифрлық карталар мен маршруттық жоспарлаудағы нақты қолданысымен байланыстыра көрсетуінде. Бұл еңбек оқушылардың математикалық сауаттылығын арттырып, кеңістіктік ойлау қабілетін дамытуға және цифрлық технологияларды тиімді қолдану дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Облыстық кезеңде жүлделі орынға ие болған бұл зерттеу – оқушының табанды еңбегі мен ғылыми ізденісінің нәтижесі. Ақбілек Алаханның жетістігі ғылымның өмірден басталатынын, ал қарапайым құбылыстардың өзі тың зерттеулерге негіз бола алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
⠀
Туған жердің табиғи әлеуетін танытқан тың зерттеу
⠀
Ғылымның тағы бір маңызды бағыты – туған өлкенің табиғи мүмкіндіктерін зерттеп, оның даму жолдарын ұсыну. Осындай ізденістің жарқын үлгісін көрсеткен Т. Рысқұлов ауданының 10-сынып оқушысы Ақжан Жарасбек «Жарлысу ауылының агроэкологиялық әлеуеті және туризмді дамыту жолдары» тақырыбындағы ғылыми жобасымен аудандық ғылыми зерттеу жобалары байқауында ІІІ орынды жеңіп алды. Жоба жетекшісі – Назгүл Сейдахметова. Зерттеу жұмысының басты мақсаты – Жарлысу ауылының табиғи және агроэкологиялық әлеуетін жан-жақты бағалап, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану арқылы ауылдық туризмді дамытудың ғылыми негізделген жолдарын ұсыну.
⠀
Жас зерттеуші ауылдың табиғи-климаттық ерекшеліктерін, жер және су қорларын, ауыл шаруашылығының даму мүмкіндіктерін, экологиялық ахуалын және туристік тартымдылығын кешенді түрде саралаған. Зерттеу тақырыбы бүгінгі таңда ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту мәселесімен тікелей сабақтас. Әлемнің көптеген мемлекеттерінде агротуризм ауыл экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әлауқатын жақсартуға тиімді ықпал етіп келеді. Осы тәжірибені негізге алған автор туған ауылының табиғи байлығы мен ауыл шаруашылығы әлеуетін туризммен ұштастырудың нақты мүмкіндіктерін ғылыми тұрғыдан негіздеуге талпыныс жасаған.
⠀
Зерттеу барысында ауыл аумағындағы топырақ пен су ресурстарының экологиялық жағдайына талдау жүргізіліп, жайылымдық жерлердің, табиғи ландшафттардың және ауыл шаруашылығы нысандарының мүмкіндіктері бағаланды. Сонымен бірге ауылдың туристік әлеуетін арттыратын табиғи және мәдени нысандар анықталып, агротуризмді дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді. Экологиялық мониторинг жүргізу, қалдықтарды тиімді басқару, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану және «ізсіз туризм» қағидаларын енгізу мәселелері де зерттеу жұмысының маңызды бөлігіне айналды.
⠀
Жобаның ерекшелігі – Жарлысу ауылының агроэкологиялық әлеуетін ғылыми тұрғыдан бағалап қана қоймай, оны ауыл туризмін дамыту тетіктерімен байланыстырып, өңірдің өзіндік туристік брендін қалыптастыруға бағытталған ұсыныстар ұсынуында. Аудандық кезеңде жүлделі ІІІ орынға ие болған бұл еңбек жас зерттеушінің туған жеріне деген сүйіспеншілігін, ғылыми ізденіске деген құштарлығын және жауапкершілігін айқын көрсетті. Бұл – үлкен ғылымға бастар жолдың алғашқы қадамы ғана емес, ауылдың өзінде де ғылымның дамуына мүмкіндік мол екенін дәлелдейтін тағылымды еңбек.
⠀
READ X: жасанды интеллект пен кітапты тоғыстырған жоба
⠀
Қазіргі білім беру кеңістігінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану ерекше маңызға ие. Осы бағыттағы тың бастамалардың бірі – «Менің Отаныма – менің бастамам» шығармашылық жобалар байқауында аудандық кезеңнің І орын иегері атанған Ақбілек Алаханның «Жасанды интеллект негізінде электронды кітапханаға қызығушылықты арттыру: READ X жобасының мүмкіндіктері» атты шығармашылық жобасы. Жоба жетекшісі – Гүлмайра Сейдалиева. Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, электронды кітапханалардың мүмкіндіктерін жасанды интеллект технологияларымен ұштастыру арқылы білім алудың жаңа үлгісін қалыптастыру. Автор кітап оқу тек білім алудың ғана емес, тұлғаның рухани дамуының, ұлттық құндылықтарды сақтаудың және сыни ойлау қабілетін қалыптастырудың маңызды тетігі екенін жан-жақты көрсете білді. Жоба барысында электронды кітапхана дәстүрлі кітапхананың қызметін толықтырып қана қоймай, білімді заманауи әрі қолжетімді форматта ұсынатыны дәлелденді.
⠀
Сонымен қатар жасанды интеллект құралдарының көмегімен шығармашылық жобаларды жаңа деңгейге көтеруге болатыны көрсетілді. Ақбілек зерттеу аясында Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романының көркем мұқабасын жасанды интеллект арқылы заманауи форматта әзірлеп, шығармаға QR-код енгізді. Сонымен бірге жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, романның басты кейіпкерінің бейнесін сөйлетіп, оқушыларды кітап оқуға ынталандыратын жарнамалық бейнеролик дайындады. Осылайша дәстүрлі әдеби мұра мен заманауи технологиялардың үйлесімді нәтижесінде көркем образға жаңа сипат беріліп, әдеби кейіпкер цифрлық кеңістікте жаңа қырынан таныстырылды.
⠀
Жоба барысында электронды кітапханалар, онлайн-викториналар және жасанды интеллект негізіндегі презентациялар қолданылып, олардың білім беру үдерісіндегі тиімділігі көрсетілді. READ X жобасы оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға, қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын күшейтуге және ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланады. Бұл еңбек – білім мен технологияның тоғысқан тұсында дүниеге келген жаңашыл жобалардың бірі. Жас зерттеушілердің бұл жетістіктері ғылымның мектеп қабырғасынан бастау алатынын айқын көрсетеді. Ізденіс пен еңбекке негізделген мұндай жобалар болашақта ғылымға құштар, жаңашыл ойлайтын, туған елінің дамуына үлес қоса алатын бәсекеге қабілетті ұрпақтың қалыптасуына берік негіз қалайды.
Алдыңғы жазба