Салтанатты рәсім барысында спортшыларды жиналған қауым зор қошеметпен қарсы алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге гүл шоқтары, арнайы марапаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Дәстүрге сай шашу шашылып, спортшылардың жетістігіне деген құрмет ерекше аталып өтті.
Команданың бас бапкері Нұркен Рахманқұл мен «Жамбыл» кәсіпқой бокс клубының жетекшісі Айдамир Ералиев бұл жетістіктің артында ұзақ жылғы жүйелі дайындық, темірдей тәртіп және тынымсыз еңбек жатқанын атап өтті. Олардың айтуынша, жамбылдық бокс мектебі халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғайтын талантты спортшыларды тәрбиелеуді жалғастырып келеді.
Өз кезегінде спортшылар да алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтижелерге жетуге ниетті екендерін жеткізді. Азия чемпионатының күміс жүлдегері Ақжүрек Қалабай бұл жарыс өздеріне мол тәжірибе бергенін айтты.
– Бұл чемпионаттан үлкен тәжірибе жинадық. Өзіміздің мықты тұстарымызды көрдік, әлі де жетілдіретін бағыттар бар. Алдағы жарыстарда бұдан да жоғары нәтиже көрсету үшін тыңғылықты дайындаламыз, – деді ол.
Ал Бексұлтан Боранбек өз сөзінде жаттықтырушыларына, ата-анасына және жанкүйерлерге алғысын білдіріп, табысқа жетудің басты кепілі – ұйымшылдық пен үздіксіз еңбек екенін атап өтті.
Бүгінде жамбылдық былғары қолғап шеберлері алдағы халықаралық жарыстарға дайындықтарын бастап кетті. Олардың Азия чемпионатындағы табысты өнері қазақстандық бокс мектебінің әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, еліміздің халықаралық спорт аренасындағы беделін арттыруға зор үлес қосты.