Құрылтай

Таразда тұрғын үй құрылысы қарқын алды: мыңдаған отбасы баспаналы болады

0 5

Тұрғын үй құрылысы – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Баспанамен қамтамасыз ету, құрылыс қарқынын күшейту, жаңа тұрғын аудандарын қалыптастыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және қала келбетін жаңғырту – бүгінде Тараз қаласында жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан басым міндеттердің қатарында, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша Тараз қаласында орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 27,4 миллиард теңгені құрады. Сонымен қатар пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 116,3 мың шаршы метрге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім көрсетті. Бұл көрсеткіштер құрылыс саласының тұрақты дамып келе жатқанын және қаладағы тұрғын үй қорының жыл сайын артып отырғанын айғақтайды.

Соңғы жылдары қалада баспанаға деген сұраныс айтарлықтай өсті. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 32 мыңнан астам азамат тіркелген. Салыстырмалы түрде алғанда, 2022 жылы кезекте 22 860 адам болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 23 724 адамға жетті. Ал 2024 жылдың қорытындысында кезекте тұрғандар саны 30 468 адамға дейін көбейіп, биыл 32 мыңнан асты. Бұл халық санының артуымен қатар тұрғын үйге деген қажеттіліктің де жылдан-жылға өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Бүгінде Тараз қаласында бюджеттік кредиттер есебінен 62 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Аталған тұрғын үйлер толық аяқталғаннан кейін олар «Отбасы банкі» арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жеңілдетілген несие шарттарымен ұсынылады. Бұл жоба мыңдаған отбасының баспаналы болуына мүмкіндік беріп, тұрғын үй мәселесін кезең-кезеңімен шешуге бағытталған.

Қаладағы жаңа тұрғын аудандарының бірі – «Ұлы Дала» шағын ауданында қазіргі уақытта 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның екеуі пайдалануға беріліп, тұрғындар қоныстана бастады. Қалған тоғыз тұрғын үйді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жалпы бұл үйлерде 698 пәтер қарастырылған.

Сонымен қатар «Шапағат» шағын ауданында өткен жылдан өтпелі 4 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Олар пайдалануға берілгеннен кейін 180 отбасы жаңа баспанаға ие болады. Бұдан бөлек, осы шағын ауданда жалпы саны 1200 пәтерді құрайтын 30 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.

Ал «Балауса» шағын ауданында 17 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жобалар толық аяқталған соң тағы 600 жаңа пәтер пайдалануға беріледі. Нәтижесінде қаланың жаңа тұрғын аудандары қалыптасып, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген заманауи тұрғын үй кешендерінің саны арта түсуде.

Әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да жүйелі жалғасуда. Биыл тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 180 пәтер сатып алу үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы көпбалалы отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, жетім балаларды және өзге де әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.

Жеке тұрғын үй салуға ниетті азаматтарды жер телімдерімен қамту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқаптан 46,4 гектар, ал «Хамукат» тұрғын алқабынан 125 гектар жер мемлекет қажеттілігі үшін қайтарылып, қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылуда. Қазіргі уақытта электр, ауыз су, газ және жол желілерін жүргізу жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр.

Инженерлік желілердің құрылысы толық аяқталғаннан кейін «Хамукат» тұрғын алқабынан 524 жер телімі, ал Асқаров көшесінің соңындағы жаңа тұрғын алқаптан 341 жер телімі тұрғын үй құрылысы үшін кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Бұл жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға, жаңа тұрғын массивтердің қалыптасуына және халықтың жер теліміне деген сұранысын азайтуға мүмкіндік береді.

Тараз қаласында жүзеге асырылып жатқан ауқымды құрылыс жобалары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, мыңдаған отбасының баспана мәселесін шешуге жол ашуда. Жаңа тұрғын үйлердің бой көтеруі, инженерлік инфрақұрылымның жаңаруы және әлеуметтік бағдарламалардың тиімді іске асырылуы – қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.