Тараз – екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһар ғана емес, Қазақстандағы туристік әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қалада Қарахан, Айша бибі, Бабажа қатын кесенелері, ежелгі Тараз қалашығы және ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген Ақыртас сарай кешені сияқты тарихи-мәдени ескерткіштер шоғырланған. Бұл нысандар өңірдің мәдени мұрасын танытып қана қоймай, ішкі және сыртқы туризмді дамытуға зор мүмкіндік береді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бүгінде туризм – экономиканың тұрақты өсіміне ықпал ететін маңызды салалардың бірі. Туристер санының артуы қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, көлік, сауда, қолөнер және қызмет көрсету салаларының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады. Сондықтан туризмді дамыту – өңір экономикасын әртараптандырудың тиімді тетігі.
Соңғы жылдары Жамбыл облысында ұйымдастырылып жүрген қызғалдақ фестивалі өңірдің туристік брендіне айналып келеді. Қазақстан қызғалдақтың тарихи отандарының бірі болғандықтан, бұл фестивальдің халықаралық деңгейдегі әлеуеті жоғары. Аталған шара арқылы шетелдік туристерді, фотографтарды, блогерлерді және туроператорларды тартуға мүмкіндік мол.
Қазіргі таңда туристер тек тарихи орындарды аралаумен шектелмей, ерекше әсер мен ұлттық ерекшелікті сезінуге ұмтылады. Осыған байланысты этноауылдарды дамыту, ұлттық тағам фестивальдерін, қолөнер көрмелерін, ат спорты ойындарын және қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін насихаттайтын іс-шараларды кеңінен ұйымдастырудың маңызы зор.
Өңірде экотуризмді дамытуға да барлық мүмкіндік бар. Ақыртас тарихи кешенімен қатар Берікқара шатқалы, Меркі және Т. Рысқұлов аудандарының көркем таулы аймақтары табиғат аясындағы демалыс пен танымдық туризмді дамытуға қолайлы. Бұл бағытта туристік инфрақұрылымды жетілдіру, бірнеше тілдегі ақпараттық материалдар әзірлеу, аудиогидтер, QR-кодтар және цифрлық карталар жүйесін енгізу маңызды.
Облыстық туризм саласын мемлекеттік қолдау, дамыту және мониторинг бөлімінің басшысы Жомарт Хажының айтуынша, туризм – шағын және орта бизнесті, ауыл кәсіпкерлігін, көлік пен сауданы қатар дамытатын маңызды экономикалық бағыт. Сондықтан бұл салаға салынған инвестиция ұзақ мерзімді перспективада өңір экономикасына бірнеше есе қайтарым береді.
Тараздың бай тарихи мұрасы, табиғи көрікті жерлері мен ұлттық мәдениеті өңірді Қазақстанның жетекші туристік орталықтарының біріне айналдыруға толық негіз қалайды. Туризмді жүйелі дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті қолдауға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.