Т. Рысқұлов ауданында агроөнеркәсіптік кешен мен өнеркәсіп салаларын дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда аудан аумағында жалпы саны 15-ке жуық ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Оларды толық пайдалануға бергеннен кейін 98 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың қатарында жылына 10 миллион инкубациялық жұмыртқа өндіретін құс фабрикасының құрылысы, ірі қара мал бордақылау алаңдары, сүт-тауар фермасы, сүт өңдеу цехы, жаңбырлатып суару қондырғыларын шығаратын өндіріс, жеңіл автокөліктерге арналған тіркемелер зауыты, ауыз су өндіретін кәсіпорын және кварцит өндіретін тау-кен байыту комбинаты бар. Сонымен қатар Катар инвесторларымен кварц плиталары, фарфор және керамика өндірісі бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі талқылануда.
Кәсіпкерлікті дамытуда «Ауыл аманаты» бағдарламасының үлесі зор. Бағдарлама аясында ауданның 15 ауылдық округінен 121 тұрғынға жалпы көлемі 873,9 миллион теңге болатын жеңілдетілген несие берілді. Бұл ауыл тұрғындарының өз кәсібін дамытуына және жаңа өндіріс орындарын ашуына мүмкіндік беріп отыр.
Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің айтуынша, биылғы жылдың алғашқы бес айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 21,3 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2 миллиард теңгеге артық көрсеткіш.
Көктемгі дала жұмыстарын сапалы өткізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге литрі 281 теңгеден 11 183 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар 11 шаруашылық 1 135 гектар алқапқа қант қызылшасын егіп, көктемгі егіс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтады.
Аграрлық саланың материалдық-техникалық базасы да тұрақты жаңартылуда. Қазіргі уақытта аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының иелігінде 1 137 бірлік техника бар. Жыл басынан бері жалпы құны 539,6 миллион теңгені құрайтын 36 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.
Экология мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жыл басынан бері аудан аумағында 115 700 көшет отырғызылды. Ал күз мезгілінде «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында Жақсылық және Өрнек ауылдарында қосымша 20 мың көшет отырғызу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып, жасыл аймақтардың көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, ауыл шаруашылығын жаңғырту және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы кешенді жұмыстар Т. Рысқұлов ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жаңа өндірістердің ашылуына және халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етуде.