Бүгінде мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде Сарысу ауданында әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңі қалыптасып келеді. Аудан әкімдігі өңірдің экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға, медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және мәдени-ағартушылық ортаны нығайтуға басымдық беріп отыр, деп хабарлайды baq-orda.kz облыстық aqjolgazet.kz газетіне сілтеме жасап.
Аумағы кең ауданның тыныс-тіршілігін таразыласақ, әр салада нақты нәтижелер мен алдағы кезеңге бағытталған ауқымды жобаларды көруге болады. Сарысу ауданында 9 ауылдық округ пен Жаңатас қаласы бар. Мұнда түрлі этнос өкілдері өзара татулық пен бірлікті сақтай отырып, ортақ мақсат жолында еңбек етіп келеді. Аудан халқының 90 пайызы – қазақтар, 4,4 пайызы – орыстар, 5,6 пайызы – өзге этнос өкілдері.
Өңірдегі оң динамика әсіресе өнеркәсіп саласынан анық байқалады. Биыл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 71 млрд 981,5 млн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 113,2 пайызды құрады. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы бұл көрсеткіш 48 млрд 532,5 млн теңге болып, нақты көлем индексі 85,9 пайызды құраған.
Өнеркәсіп – аудан экономикасының негізгі қозғаушы күші
Сарысу – өндірістік әлеуеті жоғары аудандардың бірі. Өңір экономикасының қалыптасуына «Қазфосфат», «ЕвроХим» секілді ірі кәсіпорындармен қатар, жаңартылатын энергия көздерін игеріп отырған «Шақпақ» ЖШС сияқты кәсіпорындар да елеулі үлес қосуда.
Бұған қоса, ауданда жаңа өндірістердің негізі қалануда. Солардың бірі – «Qazaq Soda» компаниясының кальцийлендірілген сода өндіретін зауыты. Қазір кәсіпорын құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоба іске қосылған жағдайда Қазақстандағы кальцийлендірілген сода өндіретін алғашқы ірі өндіріс орындарының бірі қалыптасады.
Жалпы, ауданда жүзеге асырылып жатқан зауыт құрылысы жобаларының жалпы құны 638 млрд теңгені құрайды. Жоспар бойынша кәсіпорындар 2027 жылы толық қуатына шығуы тиіс. Жобалар толық іске қосылған кезде 2 200 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Өңірдегі ірі кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігі де назардан тыс қалмайды. Мәселен, «Қазфосфат» ЖШС-нің «Қаратау» ТКӨК кәсіпорны «Фосфорит» стадионын қала тұрғындарының игілігіне ақысыз беру мәселесін қарастырып отыр. Кәсіпорын мамыр айында Азия чемпионатына қатысқан жергілікті спортшыларға 1 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсеткен.
Ал 2024-2025 жылдары түрлі қайырымдылық шараларына 5,5 млн теңге көлемінде демеушілік жасалған. Сонымен қатар ағымдағы жылы аудан тұрғындарының қажеттілігіне сәйкес екі су ұңғымасы қазылды.
«Жаңатас ЖЭС» және «Шоқпар ЖЭС» ЖШС жыл соңына дейін Жаңатас қаласының Дегерез және МЭЗ аумақтарында 40 млн теңгеге балалар ойын алаңшасы мен субұрқақ салуды жоспарлап отыр.
Өз кезегінде «Qazaq Soda» компаниясы Саудакент, Ұйым, Жаңаталап және басқа да елді мекендерден қатынап жұмыс істейтін қызметкерлерді өз қаражаты есебінен тасымалдауды ұйымдастыруды жоспарлауда.
Мұның барлығы – өндіріс көлемін арттырумен қатар, жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуына, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға және аудан экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік беретін маңызды қадамдар.
Сарысуға табиғи газ кезең-кезеңімен келіп жатыр
Аудан тұрғындарын табиғи газбен қамту – соңғы жылдардағы ең өзекті мәселелердің бірі. Бұл бағытта жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Бұған дейін Талас бойындағы Тоғызкент, Досбол, Шағалалы, Майлыкөл, Әбілда ауылдарындағы 400-ге жуық тұрғын үй табиғи газға қосылған болатын.
Қазіргі таңда Сарысу ауданындағы 14 елді мекенді, оның ішінде Жаңатас қаласын табиғи газбен қамтуға бағытталған екі ірі жоба іске асырылуда. Жобалар толық аяқталған жағдайда 39 582 тұрғын көгілдір отын игілігін көреді. Оның ішінде Жаңатас қаласындағы 25,5 мыңға жуық тұрғын бар.
Жоба аясында 98 шақырым жоғары қысымды газ құбыры, электр желілері мен талшықты-оптикалық байланыс желілері салынды. Түркістан облысындағы «Шалдар» АГРС маңынан қосу жұмыстары да аяқталған.
Сонымен қатар «ЕвроХим-Қаратау» кешенін газбен қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы органдар мен «Интергаз Орталық Азия» АҚ өкілдері бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізді.
Жалпы жобаның құны 24,7 млрд теңгені құрайды. Оны толық аяқтау үшін қосымша 6,1 млрд теңге қажет. Бүгінде облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды.
14 елді мекенге жеткізуші және ауылішілік газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Олар – Қызылдихан, Маятас, Жайылма, Өндіріс, Саудакент, Игілік, Жаңаталап, Ұйым, Ұ.Сыздықбаев, Ақтоғай, Жаңатас, Үшбас, Бүркітбаев және Арыстанды ауылдары.
Жоспарланған газ желілерінің жалпы ұзындығы 391,6 шақырым болса, бүгінгі күнге дейін оның 362,5 шақырымы салынды. Қалған 29,1 шақырым бойынша жұмыстар жалғасуда.
Қазіргі таңда 13 елді мекенде орта және төмен қысымды газ желілері тартылып, газ реттеу пункттері орнатылды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын толық аяқтау үшін Энергетика министрлігімен бірлесіп, арнайы мемлекеттік қордан қаражат бөлу мәселесі пысықталуда.
Жаңатас қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке секторды газға қосу үшін қосымша 5,1 млрд теңге қажет.
Аудан үшін маңызды жаңалықтың бірі – Жаңатас қаласына табиғи газдың келуі. 16 қыркүйекте қалалық қазандыққа газ жеткізіліп, онда орнатылған BOSCH қазандықтарын табиғи газбен іске қосу және тексеру жұмыстары жүргізілді.
Жыл соңына дейін Ақтоғай, Ұ.Сыздықбаев, Үшбас, Арыстанды және Ә.Бүркітбаев ауылдарын газға қосу жоспарланып отыр. Бұл бес елді мекен газға қосылған жағдайда ауданның газбен қамту деңгейі елді мекендер саны бойынша 40 пайызға, халық саны бойынша 13,3 пайызға немесе 5 653 адамға жетеді.
Ал 14 елді мекенді газдандыру жобасы толық жүзеге асқан жағдайда бұл көрсеткіш елді мекендер саны бойынша 76 пайызға, халық саны бойынша 97,5 пайызға дейін көтеріледі.
Аудандағы Ақтам, Үлкен Көкдала, Кіші Көкдала, Шығанақ, Қамқалы және Жайлаукөл секілді алты елді мекен орталықтандырылған газ құбырынан шалғай орналасқан әрі тұрғындар саны аз болғандықтан, оларды газдандыру кейінгі кезеңдерге жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Қаратас ауылына газ құбырын тарту үшін жергілікті бюджеттен 39,5 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары толық аяқталған.
Мақсат – сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет
Ауданның әлеуметтік дамуының маңызды бағыттарының бірі – денсаулық сақтау саласы.
Жарты ғасырлық тарихы бар Сарысу аудандық орталық ауруханасында бүгінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аурухананың сыртқы және ішкі бөліктері жаңартылып, бөлімшелер заманауи медициналық құрал-жабдықтармен, диагностикалық аппараттармен және жаңа жиһаздармен қамтамасыз етілуде.
Медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында УДЗ аппараты, дефибриллятор-монитор, электронейромиограф, авторефкератометр, қан құрамын зерттейтін анализаторлар секілді жаңа құрал-жабдықтар сатып алынған.
Аурухана мамандары Алматы, Астана және басқа да ірі қалалардағы медициналық орталықтарда біліктілігін жетілдіріп, заманауи диагностикалық және емдеу тәсілдерін меңгеруде.
Алдағы міндеттердің бірі – ауруханада гемодиализ қызметін ұйымдастыру. Қазіргі таңда аудан бойынша созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі диагнозымен есепте тұрған 8 науқас гемодиализ алу үшін Тараз немесе Шымкент қалаларына баруға мәжбүр.
Жергілікті ауруханада бұл қызметтің ашылуы пациенттердің уақытын үнемдеп қана қоймай, медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады.
Сонымен қатар аурухана құрамынан госпитальдық фармация бөлімшесін ашу жоспарланып отыр. Бұл дәрілік заттарды басқару, сақтау, қозғалысын бақылау және оларды тиімді пайдалану жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Бүгінде ауруханада 645 қызметкер еңбек етеді. Оның 405-і – медицина мамандары. Дәрігерлер саны – 71, олардың 14-і жоғары санатты мамандар. Орта буын медицина қызметкерлерінің саны – 334, оның 108-і жоғары санатты мейіргерлер.
Аурухана бас дәрігері Айнұр Каликованың айтуынша, медициналық ұйымның басты міндеті – заманауи құрал-жабдықпен қамтылумен шектелмей, сол мүмкіндіктерді халыққа сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек көрсетуге тиімді пайдалану.
Кітапхана – рухани жаңғырудың маңызды алаңы
Сарысу ауданында мәдени-ағартушылық бағыттағы жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Соның ішінде кітапхана жүйесінің атқарып отырған қызметі ерекше.
Ауданда бір аудандық орталық кітапхана, 3 қалалық және 22 ауылдық кітапхана филиалы, барлығы 26 кітапхана жұмыс істейді.
Кітапхана жүйесінде 118 қызметкер еңбек етеді. Оның 63-і – кітапхана қызметкері. Жалпы кітап қоры 457 743 дананы құрайды. Оның 259 970 данасы мемлекеттік тілдегі әдебиеттер.
Бүгінде кітапханалардың тұрақты оқырмандар саны 19 793 адамға жетсе, кітап берілімі 306 205 дананы құрайды. Кітапханалар «КАБИС» бағдарламасы арқылы автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді. Электронды дерекқорға 443 956 кітап енгізілген.
Жыл басынан бері кітапханаларда оқырмандар конференциялары, дөңгелек үстелдер, әдеби-музыкалық кештер, кездесулер, кітап көрмелері, танымдық сағаттар, әдеби круиздер, шығармашылық кештер және басқа да мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Сегіз айда 1 304 іс-шара өткізіліп, оған 13 455 адам қатысты. Оның ішінде ауылдық жерлердегі іс-шараларға 6 892 тұрғын қамтылған.
Аудандық кітапханалар жүйесінде 27 қызығушылық клубы жұмыс істейді. Сонымен қатар кітапханаларды цифрландыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылған. 2018-2025 жылдар аралығында кітапханалар жанындағы ақпараттық орталықтар арқылы 31 136 анықтама берілсе, 2026 жылдың сегіз айында бұл көрсеткіш 2 064-ке жеткен.
Ауыл тұрғындарының цифрлық мүмкіндіктерін арттыруға да кітапханалар өз үлесін қосып келеді. Коворкинг орталықтарында тұрғындарға интернетке қосылған компьютерлер мен Wi-Fi желісін пайдалану мүмкіндігі берілген. Мұнда азаматтар электронды үкімет порталы арқылы қажетті анықтамаларын өз бетінше ала алады.
Кітап оқитын ұрпақ – ел болашағы
Сарысу ауданындағы кітапхана жұмысының ерекше бағыттарының бірі – кітапты оқырманға жеткізу.
Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан «Жылжымалы кітапхана» жобасы шалғай елді мекендер мен шаруа қожалықтарында тұратын тұрғындарды әдебиетпен қамтуға мүмкіндік беріп отыр.
2026 жылдың шілде-қыркүйек айларында жылжымалы кітапхана 22 ауылдық кітапханаға барып, елді мекен тұрғындарымен, балалармен және жасөспірімдермен кездесулер өткізді. Жоба аясында 155 жаңа оқырман тіркеліп, 405 кітап берілді.
Кітап керуені Тоғызкенттен басталып, Көкдала, Кіші Көкдала, Ә.Бүркітбаев ауылының Шайман жайлауына, Ырсай шаруа қожалығына дейін жетті. Үшбас ауылынан Майбұлақ жайылымына барған кітапханашылар мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындармен кездесіп, балаларға арналған әдебиеттерді ұсынды.
Яғни кітапхана қызметі оқырманның өзіне келуін күтпей, кітапты оқырманға жеткізу қағидатына көшіп келеді.
Балалардың кітапқа қызығушылығын арттыру бағытында да жүйелі жұмыстар бар. Ауданда екі балалар кітапханасы жұмыс істейді. Мұнда түрлі қызығушылық клубтары мен үйірмелер ұйымдастырылған.
Жаңатас қалалық балалар кітапханасындағы «Алтын бұлақ», Саудакент ауылдық балалар кітапханасындағы «Балбұлақ», «Керемет» клубтары балалардың шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды кітап оқуға тарту, олардың әлеуметтік бейімделуіне қолдау көрсету мақсатында «Үміт сәулесі» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ал «Еркетай» қуыршақ үйірмесіне 1 800-ден астам оқырман қатысады.
Бұл бастамалардың барлығы кітапты жай ғана ақпарат көзі емес, баланың ой-өрісін кеңейтетін, шығармашылық қабілетін дамытатын және тұлғалық қалыптасуына ықпал ететін маңызды құрал ретінде танытуға бағытталған.
Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханованың пікірінше, бүгінгі кітапхананың міндеті – кітапты сөреге жинақтау ғана емес, оны оқырманға жеткізу.
«Кітапхананың бүгінгі қызметі – кітапты сөреге жинау емес, кітапты адамға жеткізу. Бұл бағытта Сарысу кітапханашылары ауыл асып, жайлау кезіп, өз оқырманын іздеуде. Кітап жеткен жерде ой оянады. Ой оянған жерде ізденіс басталады. Ал кітаппен дос болған ұрпақтың болашағы мәнді болады», – дейді Айтбала Жолмаханова.
Сарысудың серпінді дамуы – ортақ мақсат
Жалпы, Сарысу ауданындағы өзгерістерді бір ғана саламен шектеу мүмкін емес. Өнеркәсіптегі жаңа жобалар, газдандыру жұмыстары, денсаулық сақтау саласындағы жаңғырту, мәдени-ағартушылық бастамалар – барлығы ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асуы жаңа жұмыс орындарын ашуға жол берсе, инфрақұрылымдық жобалар халықтың күнделікті тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Ал медицина мен мәдениет салаларындағы жаңарулар адам капиталының дамуына қызмет етеді.
Бүгінде Сарысу үшін басты міндет – басталған жұмыстарды сапалы аяқтап, жаңа жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру. Өйткені ауданның тұрақты дамуы – экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, ең алдымен халықтың тұрмысынан, елді мекендердің инфрақұрылымынан және тұрғындардың өмір сапасынан көрінеді.
Сарысудың бүгінгі беталысы – өндірісі өркендеген, инфрақұрылымы жаңарған, әлеуметтік саласы нығайған және болашағына сеніммен қарайтын аудан қалыптастыруға бағытталған.