Меркіліктер чемпионды құрметпен қарсы алды

0 2

Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын абыроймен қорғаған меркілік спортшы Абзал Тұлыбеков туған жеріне жеңіспен оралды.

Меркі ауданы, Жамбыл ауылының тұрғыны, Қазақстан ұлттық құрамасының спорт шебері Абзал Тұлыбеков жамбы атудан қырғыз стилі бойынша алтын, мажар стилі бойынша қола жүлдеге ие болды.

Жеңіспен елге оралған чемпионды Жамбыл ауылының тұрғындары Сыпатай батыр ескерткішінің маңында салтанатты түрде қарсы алып, ақ дастархан жайды. Ауыл жұртшылығы ұлттық тағамдарымыз – бауырсақ пен қымыз ұсынып, спортшыға ыстық ықыласын білдірді.

Салтанатты шарада ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңіс Манапов, билер кеңесінің төрағасы Аманбай Бексұлтанов, ауылдық округ әкімі Тұрар Досеке Тұрсыналыұлы және чемпионның жаттықтырушысы Елдос Бадашев сөз сөйлеп, спортшыға ақ баталары мен ізгі тілектерін жеткізді.

🤝 Шара барысында ауылдық округ әкімдігі, ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлердің демеушілігімен Абзал Тұлыбеков пен оның жаттықтырушысы Елдос Бадашевқа шапан жабылды. Ал чемпионның анасы Раушан Тұлыбековаға камзол мен орамал тарту етілді.

💰 Сонымен қатар Абзал Тұлыбековке 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

Жерлестерінің қошеметіне бөленген чемпион өз кезегінде қолдау көрсетіп, қуанышын бөліскен ауыл тұрғындарына алғысын білдірді.

Жеңісің құтты болсын, Абзал!
Меркі жұртының мерейін асқақтата бер!

Еркін ЖАСЫБАЕВ, Мейірлан МЕДЕРБЕК

 Меркі ауданы