Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Біздің елімізде жүз отыздан астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Әр халықтың өз тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі бар. Соған қарамастан, бәрімізді біріктіретін ортақ құндылықтар бар. Ол – бейбітшілік, сыйластық, өзара түсіністік. Осындай құндылықтардың арқасында елімізде ұлтаралық келісім берік сақталып келеді.
Жыл сайын 1-мамыр күні елімізде ерекше мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтіледі. Бұл күн әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанын айшықтайтын маңызды мереке.
Бірлік – елдің ең басты байлығы, ал, татулық – тұрақтылықтың кепілі. Бұл мереке бізге өткенді еске салып қана қоймай, болашаққа сеніммен қарауға шақырады. Біз ата-бабамыздан қалған татулықты сақтап, оны одан әрі дамытуымыз керек. Өйткені, елдің болашағы – бүгінгі ұрпақтың қолында.
Бірлік күні тек мереке ғана емес, ол – адамдарды жақындастыратын, достық пен бауырластықты нығайтатын күн. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі мәдени шаралар, концерттік бағдарламар, көрмелер ұйымдастырылады. Әр ұлт өз өнерін көрсетіп, ұлттық тағамдарын ұсынып, дәстүрін таныстырады. Бұл – халықтар арасындағы құрмет пен қызығушылықты арттырады.
Бірлік бұл тек сөз емес, ол іс арқылы дәлелденетін ұғым. Әрбір азамат елдің тыныштығы мен дамуына өз үлесін қосуы керек. Біз бір-бірімізді түсініп, қолдап, құрметтегенде ғана мықты мемлекет бола аламыз.
1-мамыр – татулықтың, достықтың, бірліктің мерекесі. Осындай бейбіт елде өмір сүріп жатқанымыз – үлкен бақыт. Еліміздің бірлігі бекем, болашағы жарқын болсын.