Еліміздегі қолға алынып жатқан басты бағыттар мен маңызды идеологиялық тұжырымдарымыз ел Тәуелсіздігін сақтау саласы – Қарулы күштеріміздің әскери-патриоттық іс-шараларының жоғары дәрежеде өтуіне де ұйытқы болуда.
Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында айтып өткені белгілі.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы, әсіресе, жастардың бойына патриоттық-отаншылдық қасиеттерді барынша сіңіру мақсатында келесі жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығын кеңінен атап өту туралы ойын жеткізіп, қаһармандарымыздың ерлігін ұрпақ жадында жаңғырту керектігіне тоқталды.
Осы ретте, 23-сәуір күні Меркі ауданы бойынша Шекара басқармасы «Кеңес», «Жауғаш батыр», «Ақсу», «Қаратау» және «Аспара» шекара бөлімшелерінің жеке құрамына ТИжКЖ бөлімімен бірлесіп, ауданымыздағы Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу ұйымдастырды.
Ерлік сабағына арнайы шақырылған ауғандық жауынгерлер Сенгірбаев Ержан Түзенұлы мен Әмірқұлов Батыржан Нәбиұлы «Әскери қызметтегі ерлік» тақырыбында өткен тәрбиелік және профилактикалық іс-шара барысында кездесуге қатысушы жас шекарашы-жауынгерлерді өздерінің жүріп өткен жолдарымен таныстырып, Отан мүддесі үшін азаматтық міндетті орындаудың қаншалықты абырой екенін жеткізді.
Кездесу барысында шекарашылар әскери жорық кезіндегі естеліктерімен бөліскен Ауған соғысы ардагерлеріне сұрақ-сауалдарын қойып, олардың тарапынан тұщымды жауаптар алды.
Сөз соңында айтарым, Отан қорғау үрдісін нағыз ер-азаматтардың ұрпақтар сабақтастығымен бізге жеткен аманаты деп қабылдауымыз шарт. Осы орайда, Ауған соғысы ардагерлерімен болған сәтті кездесу жас жауынгерлердің отансүйгіштік қасиеттерін арттырып, егеменді еліміздің Көк Туы мәңгі желбіреуіне ұйытқы болатыны сөзсіз деп ойлаймын.