Мемлекеттік басқару жүйесіндегі кез келген өзгерістің түпкі мақсаты – елдің тұрақты дамуына қажетті тиімді институттарды қалыптастыру. Қазақстан үшін 2026 жыл осындай өзгерістердің жаңа кезеңімен ерекшеленіп отыр.
Жаңа Конституцияның күшіне енуімен елдің саяси-құқықтық жүйесінде жаңа институттар қалыптасты. Солардың бірі – заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган – Құрылтай.
Құрылтай құрамына 145 депутат кіреді. Олар партиялық тізімдер бойынша біртұтас жалпыұлттық сайлау округі аумағында бес жыл мерзімге сайланады. Сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі.
Бұл деректердің өзі Құрылтайдың қоғамдағы орнына назар аударуға негіз береді.
Өкілді органның негізгі ерекшелігі – қоғам мен мемлекеттік билік арасындағы байланысты қамтамасыз етуінде. Қоғамда әртүрлі әлеуметтік топтар, кәсіп иелері, жастар, еңбек ұжымдары, ауыл тұрғындары, ғылыми және шығармашылық орта өкілдері бар. Олардың талаптары мен мәселелері де бірдей емес.
Осындай сан алуан қоғамдық сұраныстың заң шығару процесінде ескерілуі өкілді органның сапасына байланысты.
Сондықтан Құрылтайдың жұмысына баға берген кезде тек қабылданған заңдардың санына емес, олардың сапасына, өмірлік қажеттілігіне және қоғамға тигізетін әсеріне назар аудару маңызды.
Мәселен, ауыл тұрғындарын алаңдататын инфрақұрылым мәселелері, шағын және орта бизнестің дамуы, еңбек қатынастары, әлеуметтік қорғау, білім мен ғылым, қоршаған ортаны сақтау секілді көптеген бағыттың өзіндік заңнамалық негізі бар. Қоғамдағы өзгерістерге байланысты бұл заңнаманы үнемі жетілдіру қажеттілігі туындайды.
Осы жерде Құрылтай депутаттарының кәсіби дайындығы, заңнамалық жұмысты терең түсінуі және қоғамдағы мәселелерді саралай білуі маңызды факторға айналады.
Жаңа Конституция мемлекеттік биліктің жауапкершілігін арттыруға, заң үстемдігін нығайтуға, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейтуге және азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған жаңа конституциялық негіз қалыптастырды. Демек, жаңа өкілді органның қызметі де осы конституциялық қағидаттармен үндесуі тиіс.
23 тамыздағы сайлаудың қоғамдық маңызы осында. Бұл күні тек депутаттар құрамын анықтау емес, жаңа конституциялық модель аясында заң шығару институтының қалыптасу процесі жүреді.
Ал сайлаудан кейін Құрылтай алдында бес жылдық жауапты жұмыс кезеңі басталады. Қоғам үшін маңызды мәселелерді талқылау, заң жобаларын қарау, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін қалыптастыру – осы институттың негізгі қызмет бағыттарының бірі болады.
Сондықтан Құрылтайдың тиімділігі оның қоғамдағы өзгерістерді қаншалықты дұрыс бағалап, сол өзгерістерге сай сапалы құқықтық шешімдер ұсына алуымен өлшенеді. Бұл – жаңа институттың алдында тұрған негізгі жауапкершіліктің бірі.
Базаркүл АЛМЕЙЗОВА,
Білім саласының ардагері.