Қазақ руханиятының абызына құрмет: Ақтоғайда Илья Жақановтың музей үйі ашылды

0 9

Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы Ақтоғай ауылында қазақ руханияты үшін айрықша маңызы бар тарихи оқиға өтті. Ауылда көрнекті жазушы, композитор, музыка зерттеушісі, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақановқа арналған шығармашылық музей үйі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Тағылымды шараға аудан басшылығы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты. Іс-шара барысында ҚР Мәжіліс депутаты әрі «Илья Жақанов» қорының президенті Ерболат Саурықов сөз сөйлеп, ұлттық руханиятқа қызмет еткен тұлғаның мұрасын ұлықтаудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, музейдің ашылуына қолдау көрсеткен азаматтарға арнайы марапаттар табысталды.

Илья Жақанов – қазақ мәдениеті мен өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар бірегей тұлға. Ол 1936 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданының Ақтоғай ауылында дүниеге келген. Саналы ғұмырын қазақ ән өнерін, әдебиетін және ұлттық мәдениетті зерттеуге арнаған қаламгердің шығармашылық әлемі аса кең. Ол – белгілі жазушы, дарынды композитор, аудармашы, публицист әрі өнер зерттеушісі.

Қазақ өнерінің алтын қорына енген «Жайлаукөл кештері», «Еділ мен Жайық», «Аселім әнім», «Балқантау» секілді көптеген әндердің авторы ретінде халық жүрегінен ерекше орын алды. Сонымен қатар, ол қазақ музыкасының тарихына қатысты көптеген зерттеу еңбектерін жазып, ұлттық өнердің насихатталуына өлшеусіз үлес қосты.

Айта кетерлігі, күні кеше ғана Тараз қаласында Илья Жақановтың 90 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. «Тербеледі тың дала» атты ғұмырнамалық кеш ұйымдастырылып, тұлғаның шығармашылық жолы мен қазақ руханиятына сіңірген еңбегі кеңінен насихатталды. Мерейтой аясында фотокөрмелер мен мәдени іс-шаралар өткізіліп, өнер майталмандары композитордың әндерін орындады.

Ақтоғай ауылында ашылған музей үйі – ұлт мәдениетіне өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаның бай мұрасын кейінгі ұрпаққа танытатын маңызды рухани орталық болмақ. Мұнда Илья Жақановтың жеке заттары, қолжазбалары, кітаптары, фотосуреттері мен шығармашылық еңбектері қойылып, келушілерге қазақ өнерінің терең тарихымен танысуға мүмкіндік беріледі.

Бұл игі бастама – туған жердің талантты перзентіне деген құрметтің айқын көрінісі ғана емес, сонымен бірге ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жарқын үлгісі.