«HARD SPORT FITNES» денешынықтыру орталығы ашылды

0 6

Аталған спорт нысанының ашылуы салтанатты түрде өтті.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Ернар Әбілдаев қатысып, тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, оның ауыл жастарының спортпен жүйелі түрде айналысуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға қосар үлесінің зор екенін атап өтті.

Жаңадан пайдалануға берілген нысанның жалпы аумағы 650 шаршы метрді, ал, жалпы құны 150 миллион теңгені құрайды. Орталық жеке кәсіпкер Юсуф Хейроевтың жеке қаражаты есебінен салынған. Бүгінде мұнда 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Спорт залы толықтай заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, келушілерге қолайлы жағдай жасалған.

Салтанатты жиында спорт ардагері Құдайберген Жантаев пен ауыл тұрғыны, кәсіпкер Болат Рахымбаев құттықтау сөз сөйлеп, игі бастамаға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Сарымолдаев ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Хамидолла Еңсебеков ақ батасын берді.
Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Ернар Әбілдаев пен спорт ардагері Құдайберген Жантаев жаңа нысанның лентасын қиып, орталықтың ресми түрде ашылғанын жариялап, оның жұмысына табыс пен сәттілік тіледі.