Байсейіт Жылысбаев басқаратын аудандық ардагерлер кеңесінің жыл бойғы жанды жұмыстарының жалғасы іспетті кезекті іс-шара 25-қазан – Республика күні қарсаңында өтті. Аудандық Мәдениет үйінің конференц залында өткен ашық алқа жиынына аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмахан Жантелиев, аудандық Билер кеңесінің төрағасы Медербек Өзбеков, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары, сондай-ақ, ауданымыздың зиялы қауым өкілдері қатысты.
Көпшілік алдында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Азатұлы жиынға қатысушыларды Республика күнімен шын жүректен құттықтап, ел егемендігінің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық және рухани тұрғыда дамуына елеулі үлес қосып жүрген ардагерлер мен қоғам белсенділеріне деген алғысын білдірді.
Іс-шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелігіне аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмахан Жантелиев, Жаңатоған ауылдық билер кеңесінің төрағасы Сауытбек Ешетов ұсынылып, бірауыздан бекітілді. Ал, аталған кеңестің пленум мүшелігіне аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмахан Жантелиев, «Мерейлі Меркі» қайырымдылық қорының төрағасы Жантұрсын Қалмаханбетов және аудандық Әкелер кеңесінің төрағасы Асан Исақұлов ұсынылып, қолдау тапты.
Келесі кезекте, алқа мәжілісінің қаулысына сәйкес, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, ел игілігіне еңбек еткен бірқатар азаматтарға «Меркі ауданының құрметті ардагері» атағы салтанатты түрде табыс етілді. Олардың қатарында кезінде ауданымыздың өркендеуіне үлес қосқан 1 шопан, 2 механизатор, 2 автокөлік жүргізушісі, 2 колхозшы, 2 медицина қызметкері, 1 интернационалист-жауынгер, 3 қызметкер болды. Атап айтсақ, олардың қатарын Жұман Әлдекенов, Сағымбай Билібаев, Бөрібай Кендірбаев, Тынышбек Кембай, Есболат Зетқұлов, Бауыржан Байдәулетов, Бошқай Сабыров, Нышан Базилов, Әбілғазы Бәбіжанов, Темірхан Әлжанбаев, Ханпаша Дургалова, Мұрат Рахымбаев, Жаманқұл Сәрсембиев құрады. Олардың иығына арнайы лента ілініп, куәліктері мен төсбелгілері табыс етілді.
Ашық алқа жиынында аудандық ардагерлер кеңесінің іс-шаралары мен түрлі жұмыстарына өзіндік қолдауларымен танылып жүрген бір топ азаматтарға, оның ішінде, жеке кәсіпкерлер мен демеушілерге ұлт ұстазы – Абай һакімнің ардагерлер кеңесінің арнайы тілегі жазылып, мөрі басылған 2 томдық кітабы сыйға берілді.
Бүгінгі жиынға ерекше формат беріп, қоғам жанашырларына деген сый мен жоғары құрметтің белгісі – аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жанынан құрылған, Сейдана Сабырбекова жетекшілік жасайтын «Асыл мұра» этнофольклорлық оркестрінің орындауында бірнеше күй мен әсем әндердің орындалуы еді. Өз кезегінде өнер иелеріне аудандық ардагерлер кеңесінің Алғыс хаты мен гүл шоқтары табыс етілді.
Жиынның келесі бөлігінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында, ардагерлер кеңесінің бастамасымен аудандық білім беру ұйымдары арасында ағымдағы жылдың 17-қаңтарында жарияланып, 12-наурыздан 3-қазанға дейін 5 топтан тұратын арнайы комиссия тексеру жүргізген «Ауласы әсем, гүлдері ғажап» атты байқауының қорытындысы жарияланды.
Аудан бойынша барлығы 34 мектеп, 19 медициналық мекемелер мен 2 оңалту орталықтарының ауласын абаттандыру мен көгеріштендіру жұмыстары жіті бақылауда болған-ды. Мектептер ішінде Болатбек Қытауов, Нұрила Қойшыманова, Әсипат Қалқабаева және Гүлжамал Мұратова басқаратын білім ордалары ауланы көгалдандыру мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру ісінде озық деп танылып, демеушілер тағайындаған 30 мың ақшалай сыйақы мен ардагерлер кеңесінің Алғыс хатымен марапатталды.
Олардың қатарында Клара Рақаева жеекшілік жасайтын оңалту орталығы, Сұрат ауылындағы жанұялық-дәрігерлік амбулаториясы, Дулат Маратұлы басқаратын №22 спорт мектебі және т.б. болды.
Ал, енді көп ішінен топ жарған жеңімпаздарға келсек, 3-орын №2 Аспара мектебі мен М.Мәметова атындағы №13 мектебіне, 2-орын «Үміт» оқушылар сарайына, 1-орын М.Жылысбаев атындағы №14 мектебіне, ал, Бас жүлде Сандуғаш Сейітова басқаратын №19 Сыпатай Әлібекұлы атындағы жалпы орта білім беретін мектебіне бұйырды. Оларға демеушілер тарапынан берілген ақшалай сыйлықтардан басқа жергілікті сауықтыру мекемелеріне 2 жолдамадан ұсынылды. Айта кетерлік жайт, ол жолдамалар көгеріштендіру жұмыстарына белсене қатысқан кіші қызметкерлерге беріліп, нәтижесінде олар сауықтыру мекемелерінде 10 күн демалады.
Аталған мерекелік жиын өзгеше реңкте, көтеріңкі көңіл-күймен өтіп, қатысушылар айтулы күннің ел өміріндегі ерекше маңызын тағы бір мәрте сезініп, егемен елдің болашағына деген сенімдерін нығайтты.