Ана – адамзаттың ардақтысы, ұлттың ұйытқысы, қоғамның тірегі. Ананың мейірімі мен тәрбиесі – болашақтың алтын қазығы. Сондықтан да ел демографиясына өлшеусіз үлес қосып, ұрпақ тәрбиесіне жан-жүрегін арнап келе жатқан көпбалалы аналар қашанда құрмет пен ілтипатқа лайық
Өткен бейсенбі күні аудан әкімі Ербол Жиенқұлов осындай ардақты аналарды арнайы қабылдап, ақ тілегін арнады. Ізгі ниетке толы бұл жүздесудің өзі бір игілікті дәстүрдің жалғасы іспетті.
Кездесу барысында әкім аналардың қоғамдағы рөліне, болашақ ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығына ерекше тоқталды. «Ана – отбасының берекесі ғана емес, елдің еңсесін көтеретін ұлы күш. Көпбалалы аналардың еңбегі – мемлекет тарапынан қашанда бағалануға тиіс» деген жүрекжарды лебізін жеткізді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 13-маусымдағы №908 Жарлығына сәйкес, сол күні Меркі ауданының бірқатар көпбалалы аналарына мемлекеттік наградалар салтанатты түрде табысталды. Оның ішінде 5 ана «Алтын алқа» иегері атанып, 14 ана «Күміс алқамен» марапатталды. Бұл – тек жеке отбасының қуанышы ғана емес, барша аудан үшін мақтаныш.
Мерекелік салтанат барысында аналарға ақ гүл шоқтары мен ақ орамалдар сыйға тартылып, ақжарма тілектер айтылды. Жылы жүзді қабылдаудағы әрбір сәтте аналарға деген құрмет пен қоғамдағы мәртебесінің биік екені сезілді.
Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов өз сөзінде: «Ананы ардақтау – елді ардақтау. Себебі, ана амандығы – ұрпақ болашағының кепілі. Біз көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсетіп, олардың еңбегін ескеріп отыруды басты парызымыз деп білеміз» – деді.
Осылайша, Меркі төрінде өткен бұл қабылдау көпбалалы аналарға деген қоғамның ізгі құрметін тағы бір мәрте айшықтап берді. Ақ жаулықты аналардың жүзіне қуаныш ұялатып, елдің болашағына сенім сыйлаған шара көптің жүрегінде жақсы әсер қалдырды.
Анаға көрсетілген құрмет – тұтас елге көрсетілген құрмет. Өйткені, ананың қадірін білмеген жұрт – болашағын бағаламаған ел. Ал, болашағын ойлаған ел – ананы әрқашан ардақтайды.