Тұрғындардың өтініштері ескерілді

0 33

Меркі ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Гүлдара Алданышқызы Нұрымова жұмыс сапарымен келіп, жергілікті әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалармен танысты. Сонымен қатар, депутат аудан тұрғындарымен кездесіп, олардың өзекті мәселелерін тыңдады.

Іссапар барысында Гүлдара Нұрымова, алдымен, Ойтал ауылдық ок­ругіндегі теміржол бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған көпірдің құ­рылыс алаңына барды. Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов құрылыс жобасының барысы туралы толық баяндама жасап, көпірдің 2025 жылға өтпелі жоба екенін атап өтті. Құрылысқа бөлінген жалпы қаражат көлемі – 496 миллион теңге. Қазіргі уақытта көпірдің іргетасын қалау жұмыстары жүріп жатыр. Мәжіліс депутаты құрылыс алаңында ауыл тұрғындарымен, оның ішінде, ақсақалдармен пікірлесіп, олардың ұсы­ныстары мен өтініштерін мұқият тыңдады.

Сондай-ақ, депутат былтыр ашылған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталықта егде жастағы азаматтарға арналған түрлі қызметтер ұсынылады: емдік жаттығулар, медициналық және психологиялық кеңестер, цифрлық сауаттылықты арттыру курстары, сондай-ақ, шығармашылық және демалыс бағытындағы үйірмелер жұмыс істейді. Гүлдара Алданышқызы орталық қызметін жоғары бағалап, ардагерлермен өзара пікір алмасты. Ол мұндай әлеуметтік нысандардың зейнеткерлердің өмір сапасын арттыруға айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті.

Сапардың соңында Мәжіліс де­путаты «AMANAT» партиясының аудандық фи­лиалындағы қоғамдық қабыл­дау бөлмесінде азаматтарды жеке мәсе­ле­лері бойынша қабылдап, олардың сұрақ­тарына жан-жақты түсініктеме берді. Қабылдауда көтерілген мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдармен байланыс орнатылып, тұрғындардың проблемаларын шешуге бағытталған нақты шаралар қолға алынады.

Гүлдара Нұрымованың Меркі ауданындағы жұмыс сапары жергілікті тұрғындар мен билік өкілдері арасында тығыз байланыс орнатуға және маңызды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізуде. Халық қалаулысы халықтың сұранысы мен ұсыныстарын ескере отырып, ауданның дамуына өз үлесін қосуға әзір екенін жеткізді.