Тегінде, көпшілік, оның ішінде, біздің қазекең өте сыншыл да міншіл келетіні жасырын емес. Абай һакімнің қайсыбір сөзінде: «Біздің қазақ айдалада бір кездескен бейтаныс адамға: «Сен сөйткенің жөн, бүйткенің жөн» деп, небір ақыл айтады. Бірақ, оны өзі де орындамайды» дегенге саятын тәмсілі тағы бар.
Құрметті оқырман, сондағы сөздің шешілмек түйіні, жария жасап айтпағым не? Сыншылмыз демекші, әлденеге көңіліміз толмаса, байыбына бармай көктегіні «көрге» көме салу – біз үшін түк те емес сияқты. Ал, айыптыны табу оңай, ол қауқары жоқ, өзгені кінәлауға жақын тұратын кісінің кесепаты мол ісі десек жарасады.
Осы ретте, ауданымыз ажарланып, сырттан келер қонақтың алдында бет қызартпау – ортақ міндетіміз, – деп ұрандатқанды әрқайсымыздың жанымыз бек сүйеді. Ал, іс жүзінде қалай? Пасықтықтың атына мініп, надандықтың тоқымына отырған базбіреуіміз (көпшілігіміз десек те орынды-ау) «өз көйлегім өз денеме жақын» дейтін орыстың орынсыз, «менен кейін күл болмаса, бүл болсын» дейтін қазақтың қыңырау сөзін «пір тұтып», осы тектес қара бастың қамын күйттейтін құбылыстың сасық құдығына түсетініміз шындық. Бұл ретте, өз үйіміздің алдында жасауды «жақтырмайтын» істі көшеде жасай салу немесе кез келген қиқым мен қорапты, қағаз бен құтыны жақын тұстағы арнайы жәшікке емес, өзіміз «қалайтын ыңғайлы» жерге лақтыра салу – ғадетімізге айналып бара жатқаны көңілді құлазытып, жанды ауыртады. Оны күнделікті өмірде жаяу жүргінші мен сыныбы жоғары қымбат көлікте сырғыған жүргізушінің (түр-басына қарасаң, ластықтан жиіркенетін тәрізді, алайда, сыртын қайтейін, іші ыбылыс…) көлік терезесінен лақтыра салуынан көреміз.
Ал, сол қоқысты күн ыстықта қара терге түскен, күн суықта бет-аузы тотыққан қайсыбіріміздің анамыз, сіз бен менің әкпе-қарындасымыз һәм біріміздің жұбайымыз талға тіреле теріп жүр. Бұл процесті әрқайсымыз таңнан кешке дейін көріп те жүрміз. Сондағымыз не? «Сол еңбеккерлердің жауапты жұмысы» деген жаны ашымастық пен ортақ мекенімізге деген немқұрайлығымыздың көрінісін осылайша жалғастырып, барша жұрт болып қабылдауымыз керек па? Бірауыздан жоқ, әрине!
Осы ретте, аудан көлемінде тазалық сақтау үрдісі жалпыхалықтық міндет болуы керек.
Сол себепті, дүйсенбі күні «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясындағы «Қоғамдық экобақылау» республикалық акциясының Меркі аудандық Қоғамдық кеңесінің іс-жоспарына сай Меркі, Жамбыл және Сарымолдаев ауылдық округтарында Меркі аудандық Қоғамдық Кеңестің төрағасы Жұмахан Жантелиев, мүшелері – Медербек Өзбеков, Айдос Құрманалиев, Әлихан Нұралиев пен Нұрбек Жұманазаровтар қоғамдық бақылау жүргізіп, жергілікті жердегі мәселелердің мәнісімен толық танысты.
16-25 маусым аралығындағы жоспарға сәйкес, округтардағы абаттандыру, стихиялы қоқыс орындары, жасыл желектерді суарып, күтім жасау бойынша көзге түскен кемшіліктерді жою жұмыстары аталған округ әкімдеріне ескертілді. Жалпы көтерілген мәселелер ендігі жерде Қоғамдық кеңес мүшелерінің назарында болатыны ескертілді.
Осы орайда, аудан тұрғындарын ортақ мекен – Меркіміздің сұлу келбетіне нұқсан келтірмей, тазалықты сақтауларын, ал, ауылдық мекендердегі жергілікті билік өкілдерін оны барынша қадағалауын сұраймыз.