Меркі ауданында “Жер – 2025” республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындық жұмыстары аясында арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Аудан әкімдігінің бастамасымен өткен бұл шараға түрлі мекеме өкілдері жұмыла қатысып, төтенше жағдайлар кезінде бірігіп әрекет ету дағдыларын жетілдірді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Ернар Әбілдаев пен шұғыл әрекет ету топтарының жетекшілері мен мүшелері қатысты. Шараның негізгі мақсаты – түрлі мекемелер арасында орын алуы мүмкін төтенше жағдайлар кезіндегі өзара іс-қимыл алгоритмін нақтылап, дайындық деңгейін арттыру болды.
Іс-шараға аудандық орталық аурухана, полиция бөлімі, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, “ДЭУ-35” мекемесі, төтенше жағдайлар бөлімі мен өрт сөндіру қызметі, “Қазақтелеком” АҚ аудандық филиалы, орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесі, электр және газ желілері мекемелері, сондай-ақ “Жамбыл су қоймалары” мен “Алатау су жылу” мекемелерінің мамандары қатысты.
Кездесу барысында әр мекеме өзіне жүктелген міндеттер аясында әрекет ету тәртібін түсіндіріп, ортақ мәселелер талқыланды. Мамандар тәжірибе алмасып, ықтимал апаттар кезінде бірлесе жұмыс істеу тетіктерін пысықтады.
Мұндай жаттығулар төтенше жағдайларда жылдам әрі үйлесімді әрекет етудің кепілі саналады. Сондықтан да бұл шара ауданның қауіпсіздігін арттыру бағытындағы маңызды қадам ретінде бағаланды.
Айдана САРТАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
филология және гуманитарлық ғылымдар факультетінің 3 курс студенті.