Асармен салынған үй – елдіктің айғағы

0 36

1-маусым – Балаларды қорғау күні Жамбыл ауылы үшін тек мерекелік күн емес, нағыз қуаныш пен игіліктің айғағына айналды. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында ауыл тұрғындарының ауызбіршілігімен бой көтерген жаңа баспана иесіне табысталды. Бұл – ел арасындағы бауырмалдық пен қайы­рымдылықтың шынайы көрінісі болды.

Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов арнайы қатысып, ауыл халқының ұйымшылдығына алғысын білдірді. Жиналған жұртшылық – ауыл ақсақалдары, ақ жаулықты аналар, ерікті азаматтар мен жомарт жандар – елдік дәстүрдің үлгісіне айналған бұл іске ортақтасып, қуанышты бөлісті.
Шара барысында ауыл имамы Азамат Абдіразақ Құран оқып, бата беріп, іс-шараның рухани маңызын арттырды. Бұл – тек материалдық емес, рухани қолдаудың да халық өмірінде маңызды екенін дәлелдеді.

Жаңа үйдің кілті – 2-топтағы мүмкіндігі шектеулі Мұрат Аликулов пен жұбайы Гүлмира Сабденбековаға табысталды. Ауыл тұрғындарының жұ­мыла көтерген үйі – төрт бөлмелі, кең әрі жарық. Еурожөндеуден өткен баспана тұрмыстық техникамен, жиһазбен толық қамтамасыз етілген. Бұл – жаңа өмірге, жарқын болашаққа жасалған нақты қадам.

Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов өз сөзінде:

– Бұл тек бір отбасының қуанышы емес, бұл – бүкіл ауылдың жеңісі. Ел ішінде береке болса, осындай игі істер жалғаса береді. Асар – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан құндылығы. Оны жаңғырту – әрқайсымыздың боры­шымыз, – деп атап өтті.

Ауыл биі Аманбай Бексұлтанов бастаған ақсақалдар мен ауыл ана­лары ақ баталарын беріп, ауыл аза­маттарының бірлігін ерекше атап өтті. Іс-шара соңында үй құрылысына үлес қосқан демеушілер мен еріктілерге округ әкімдігі атынан арнайы Алғыс хаттар табыс етілді.

«Бұл – жай ғана үй емес, жүректен жүрекке жеткен жылулықтың белгісі», – дейді ауыл тұрғындары. Шынында да, асар арқылы салынған бұл үй – ынтымақ пен игілікке құрылған халықтың жобаға деген сенімінің, өзара жанашырлығының нышаны.

Айта кетейік, «Асарлатып үй салу» жобасы Жамбыл ауданында сәтті жүзеге асып келеді. Жыл соңына дейін Кеңес, Тәтті, Сарымолдаев, Ақарал және Сұрат ауылдық округтерінде де дәл осындай игі істер жалғасын табатын болады. Бұл – жақсылықтың жалғасы, бірліктің берекеге айналған сәті.