Аудан әкімдігінде аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Жиында көктемгі екі айлық санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстарының қорытындысы қаралды. Бұл жөнінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Акек баяндама жасады.
Баяндамашының айтуынша, наурыз айынан басталған тазалық шаралары аясында «Таза Қазақстан» және «TazaLike» акциялары ұйымдастырылып, аудан көлемінде 5398 түп ағаш отырғызылған. Ауылдық округтерде қосымша 1350 тал егілген. Бұдан бөлек, 550 шаршы метрге гүлзарлар орналастырылып, 88,7 шақырым арық пен каналдар тазартылған. Екі айлық аясында 510 шақырым көше мен 10 710 шаршы метр саябақ аумағы тазаланып, 170 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылған.
Кеңесте бөлім басшысы ауылдық округтерге жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижелерін де жария етіп, кейбір кемшіліктерді ашық атап өтті.
Кеңес қорытындысында аудан басшысы Ербол Жұмабекұлы атқарылған жұмыстарды жан-жақты саралап, бірқатар жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдерінің жұмысын қатаң сынға алды. Ол көктемгі екі айлықты жай есеп үшін емес, тұрғындар шын мәнінде сезінетін тиімді науқан ретінде ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.
Аудан әкімі бірқатар нақты тапсырмалар жүктеп, анықталған кемшіліктер бойынша жауапты тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарауды тапсырды. Сонымен қатар, тазалық пен көркейту жұмыстарының маусымдық емес, жыл бойы үздіксіз жүргізілуі қажеттігін ескертіп, алдағы кезеңнің жоспарын алдын-ала түзіп, жүйелі іске асыруды міндеттеді.