«Батаменен ел көгерер» байқауы өтті

0 49

1-мамыр − Қазақстан халқының бірлігі күніне орай, тағылымы мол, ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін мазмұнды іс-шара өтті. Аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Батаменен ел көгерер» атты батагөй қариялар байқауы − халқымыздың рухани қазынасын ұлықтаған ерекше жиын болды.

Байқауға ауданымыздың түкпір-түкпірінен жиналған, елге беделді, көптің құрметіне ие қариялар қатысты. Олар ұлттың ұлы мұрасы − бата беру дәстүрін жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа өнеге көрсетті.
Шара салтанатты түрде ашылып, сахна төріне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ақсақалдардың қоғамдағы рөлін атап өтті. «Қариясы бар ел − қазынасы бар ел. Ұрпаққа ұлағат болатын осындай байқаулардың мәні терең, маңызы зор», − деді ол өз сөзінде.

Сондай-ақ, облыстық билер кеңесінің төрағасы, ардагер Оңласын Есіркепов те ізгі тілегін білдіріп, байқаудың жоғары деңгейде өтіп жатқанын атап өтті.

Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қариялар өздерін таныстырып, өмір жолынан сыр шертіп, жүрекке жылы тиетін өнегелі сөздерімен көрермендерді тәнті етті.
Келесі кезеңде қатысушылар ұлттық салт-дәстүрге, дін мен ділге, ел мен жер тарихына қатысты түрлі сұрақтарға жауап беріп, өздерінің терең білімі мен кең дүниетанымын танытты.

Байқау соңында үздік деп танылған қатысушылар алғыс хаттармен, дипломдармен марапатталып, облыстық байқауға жолдама алды. Атап айтқанда, 1-орынды жеңіп алған Тәтті ауылынан келген ақсақал Белгібай Айнақұлов − 100 мың теңге, 2-орынды жеңіп алған Кеңес ауылының ақсақалы Бауыржан Байдәулетов – 50 мың теңге, 3-орынды жеңіп алған жаңатоғандық Асқар Сақып ақсақал 30 мың теңге ақшалай сыйлықтармен марапатталса, жеңімпаздардың барлығына бағалы сыйлықтар және аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар, байқаудың қалған қатысушылары да бағалы сыйлықтар және ұйымдастыру комитетінің дипломдарымен марапатталды.
Бұл шара − жай ғана сайыс емес, рухани тәрбие мен ұлттың ұлы құндылықтарын насихаттайтын, жүрекке жылу, саналарға сәуле құятын тағылымды басқосу болды.

Мұндай игі бастамалар − ел бірлігін, ұрпақ сабақтастығын, рухани тамырымызды тереңдететін алтын көпір. Мерекелік күннің мәнін арттырған байқау көпшіліктің көңілінен шығып, ауыл руханиятына серпін берген шара ретінде есте қалары анық.