Бүгінгі қыз – ертеңгі ана

0 29

Халқымыз бұрыннан келе жатқан «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе, қара күңнен тыю» деген мақалға қаншалықты философиялық ой сыйғыза білген. Яғни, қыз бала тәрбиесіне тек қана анасы ғана жауапты емес, бүкіл ауыл, бүкіл ру, бүкіл қоғам жауапты болып отыр. Сондықтан, қыз баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, адамгершілік сияқты құнды қасиеттерді сіңіріп, оларды өз-өзіне сенімділікке тәрбиелеуде отбасы мен қоршаған орта шешуші рөл атқарады.

Ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ананың және барша қауымның басты міндеті. Осы орайда, Тәтті ауылдық округінде Аналар кеңесінің басшылығымен «Қыз бала ұлттың ұяты, халықтың шырайы» атты іс-шара өткізілді. Іс-шараны өткізудегі мақсат – қыздарымызды иманды, инабатты, ибалы етіп тәрбиелеу, бойларын жаман әдеттен аулақ ұстату, халқына мақтан болатын қыз өсіру.
Кеш 3 бөлімнен тұрды. «Домбыра дастан» бөлімінде домбыра үйірмесі келушілерді өздерінің күмбірлеген күйі «Балбырауынмен» баурап қарсы алса, Тәтті ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымы Даирова Уулканның әже рөлін сомдауымен «Отбасы – тәрбиенің іргетасы» атты тақырыпта көрініс қойылып, әженің немереге берер тәлім-тәрбиесі көрсетілді.

Екінші бөлімде «Қызға қырық үйден тыйым» деген тақырыппен дебат өткізілді. Бірінші топ Гүлшат Алдабергенова, Шаттық Кемелбекова, Ұлболсын Бейсенбаева сынды жеңгелерден жақтаушы топ болып құралса, ал, екінші топ үлкен сынып оқушыларының қыздарынан даттаушы топ болып құрылды. Дебатты Айна Ембердиева жүргізіп, екі топ та өз ойларын ашық айтып, дебат өте тартысты өтті. Ашық ой алаңына көрермендер де қатысып, пікір білдірді.

Үшінші бөлім «Ақкербез» әжелер тобының концертімен жалғасып, 8-сынып қыздары араб биін билесе, Қырықбай Алидің орындауындағы «Алаш аманаты» күйі кеш көркін аша түсті.
Аудандық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Роза Байбосынова өткізілген іс-шараны қорытып, қатысқандарға және Тәтті ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымы Даирова Уулканға алғыс білдірді.

Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал, үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деген сөз бекер айтылмаған. Берері де, сұрауы да, жемісі де мол қыз тәрбиесі тек ананың ғана емес, барша қауымның басты назарында болсын.