Аудан әкімі аналарға құрмет көрсетті

0 25

Жаңа жыл қарсаңында ауданның жаңа әкімі Ербол Жиенқұлов аудандық мәслихат төрағасы Мұратбек Көкрекбаевпен бірге, ауданымыздың мақтанышы, ел үшін еселі еңбек етіп, халықтың алғысына бөленген ақын Шырын Мамасерікованы Жаңа жыл мерекесімен арнайы құттықтап барды.

Шырын апамыз – өмірін ел игілігіне арнаған ардақты тұлға, ауданымыздың әлеуметтік-мәдени дамуына зор үлес қосқан жан. Ол кісі ұзақ жылдар бойы жас ұрпақты тәрбиелеу мен рухани құндылықтарды дамыту жолында табанды еңбек етті. Бірнеше кітаптың авторы, ауданның Құрметті азаматы.

Ербол Жұмабекұлы апамызды Жаңа жылмен және 1-қаңтар туған күнімен ар­найы құттықтап, ыстық ықыласын білдірді. Орамал жауып, камзол кигізіп, сый-сияпатын тарту етті.

Шырын Мамасерікова арнайы келіп құттықтаған аудан әкіміне алғыс айтып, аналық батасын берді. Жүрекжарды тілегін жеткізіп, Жаңа жылға арнаған жаңа өлеңін оқып берді.

Шырын Мамасерікова 1-қаңтарда ме­рейлі 80 жасқа толды. Ол еңбек жолын Гранитогор мектеп-интернатында мұғалім болып бастаған. Кейін аудандық халық ағарту бөлімінде методист, Меркі аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры қызметтерін атқарған. «Нәзік нақыш», «Гәкку», «Назерке», «Жыл құстары», «Әулие бабам – Сыпатай», «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян», «Фатима», «Асылдың сы­нықтары» сияқты 14 кітаптың авторы. Онға тарта жыр жинақтарына топтамалары енген. Бірнеше рет республикалық, об­лыстық ақын­дар айтысының жүлдегері болды.

«Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен, «Ерен еңбегі үшін» (2000) медалімен, 2001 жылы ҚР Президентінің «Алғыс хатымен», аудандық, облыстық әкімшіліктің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Сонымен қатар, аудан әкімі Ербол Жиенқұлов Кеңес ауылының тұрғыны, 102 жастағы ардақты ана Ханзада Сұраншиева апаның үйіне арнайы барып, мерейтойы және Жаңа жылмен құттықтады. Құттықтау сапарында аудандық мәслихат төрағасы Мұратбек Көкрекбаев, ау­дан­­дық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев және аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек те бірге болды.

Аудан басшысы Ханзада апаның иығына ақ орамал жауып, мерекелік сый-сияпаттарын табыстады. Ардақты ана осы сәтте аналық жүректен шыққан ақ батасын беріп, жиналғандарды ерекше мейірімге бөледі.

Ханзада апа – ауылдың ең құрметті аналарының бірі. Өмірінің әр сәтін ең­бекпен өрнектеген кейуана өмір бойы колхозда тер төгіп, совхоздың ауыр жұмыс­тарын атқарған. Канал қазу, қызылша баптау, мал бағу, сиыр сауу секілді көп­теген еңбек майдандарында өзінің табандылығымен көзге түскен.
Ханзада апа 102 жылдық ғұмырында 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Сол ұрпақтан 12 немере, 15 шөбере сүйіп, үлкен әулеттің ақылшысына, асыл қазынасына айналған. Оның ақыл-парасаты мен өмірлік тәжірибесі – ұрпағына мәңгілік өнеге.

Ғасыр жасаған Ханзада апаның ғұмыры – елге үлгі, ұрпаққа мұра. Құр­метті анамызға зор денсаулық, аман­дық, әулетіне бақ-береке тілейміз!