Меркі шипажайына – 65 жыл

0 23

Қыран қонған тауы бар,
Мәуе тұнған бауы бар.
«Меркі» шипажайына,
Келген адам сауығар.

Иә, Меркі десе, алдымен, ойға оралатын, өңіріміздің ешкім қарсы уәж айта алмас төлқұжатына айналған «Меркі радон» шипажайына биыл 65 жыл толып отыр.

Сонау 1959 жылы «Меркенка» демалыс үйі болып ашылған бұл сауықтыру-емдеу орны 1972 жылдан бері «Меркі шипажайы» деген атаумен танылып, мұнда еліміздің әр түкпірі мен алыс-жақын шетелдерден жанына шипа іздеген мыңдаған адам келіп, ем алуда.

Осы шипажайдың 65 жылдығына орай, өткен сенбі күні аталған сауықтыру орнының базасында «Шипажай – 2024» ІХ Халықаралық ғылыми-практикалық форумы өтті.

Форумға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров, аудан әкімі Жорабек Баубеков, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешов, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Иманқұлова, Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Саягүл Қайыргелдина, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Намазалы Омашев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев, ауданымыздың Құрметті азаматы, «Меркі шипажайына – 65 жыл» кітабының авторы Бектұрған Жамбабаев, сонымен қатар, денсаулық сақтау саласы бойынша бірқатар ғалымдар мен қызметкерлер қатысты.

Аталған Халықаралық форумның жұ­мысы кезінде санаторий-курорттық салада мүдделес ұйымдар бір алаңға топтасып, санаторий-курорттық емдеу мен сауықтыру мәселелерін ортаға салып, заманауи емдеуді ұйымдастыру және қолдану тетіктерін қа­растырып, өзара тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, аталған форумда көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді орта қалыптастыру мен оңалту шаралары талқыланды.

Алдымен, сөз алған ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов елі­міздегі басты байлық – адам болғандықтан, оның денсаулығын жақсарту үрдісі бойынша қолға алынып жатқан жанды жұмыстар туралы айта келе, жиналған көпшілікті Меркі шипажайының 65 жылдығымен құттықтап, форумның жұмысына сәттілік тіледі.

Форум мінберіне көтерілген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова санаторий-курорттық емдеу және сауықтыру жүйесі еліміздің әр азаматына, әсіресе, мүгедектігі бар жандарға барынша қолжетімді болуы керектігін ортаға салды.

Жоғарыда аталған басқа да лауазымды тұлғалар форум жұмысына, сонымен қатар, шипажайдың 65 жылдығы бойынша өздерінің ізгі тілектерін арнаған соң, тарихшы-журналист Бектұрған Жамбабаевтың үлкен ізденімпаздығы арқасында жарық көрген «Меркі шипажайына – 65 жыл» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Жиынның соңында аталған шипажайдың әкімшілігі еңбек ардагерлеріне мерекелік сый-құрметтерін көрсетіп, марапаттарын тарту етті.

Келесі кезекте шипажай аумағында, 65 жыл ішінде осы мекемені әр жылдары басқарған 9 басшы мен алғаш рет радон суын ашқан Кеңесхан Орынқұловтың құрметіне орай Директорлар аллеясын ашу іс-шарасы орын алды. Директорлардың есімі жазылған арнайы тақталар орнатылған аллеяның ашылу салтанатына аудан әкімі Жорабек Баубеков қатысса, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев шипажайдың мерейтойымен қызу құттықтап, шипажай директоры Серік Мақажановтың иығына ата дәстүріміз бойынша шапан жауып, құрмет көрсетті.