Бүгінгі заманның атымтай жомарттары

0 17

Қазақ халқы қай кезде де жомарт жандарға кенде болмаған. Себебі, халқымыз еш уақытта жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған дархан жүректі халық. Олардың бұл қасиеті атадан-балаға мұра болып келе жатқан ұлттық құндылығымыз.

Мейірімді, жаны жайсаң, қолында барды мұқтаж адамдардан аямайтын жандарды халық Ыбырай Алтынсариннің кейіпкері «Атымтай жомартқа» балауы бекерден-бекер емес. Өйткені, «Атымтай жомарт» қисапсыз бай бола тұра қайырымдылық жасаудан алдына жан салмаған. Мұндай атымтай жомарттар елімізде бүгінгі күні де толып жатыр. Олар, істеген жақсылығын ешкімге міндет етпей, жылағанды жұбатып, мұңайғанға қуаныш сыйлауда.

Елімізде жыл сайын жаңа оқу жылының басталуына орай «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылады. Ондағы мақсат – әл-ауқаты төмен, көп балалы, көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына мектепке дайындық деңгейінің жоғары болып баруына қол ұшын созу. Сұрат ауылында да осы мақсатты жүзеге асырып, көмекке зәру отбасылардың балаларына акция аясында өз көмектерін ұсынып жатқан атымтай жомарттар жетерлік.

Олар, «Бір қолың бергенді, екінші қолың білмесін» – деген қағиданы берік ұстанып, өздерінің жасаған жақсылықтарын жарияға жар салуды қаламайды. Сөйте тұра тұрмыс қиындығын көріп жүрген балалардың отбасына қол ұшын созуды адамгершілікті басты ұстанымдарына айналдырып, жан-жақты көмек беріп келеді.

Соның бір дәлелі ретінде балалардың киім-кешегінен бастап, оқу-құралдарына дейін түгендеп беруді мойнына алған бүгінгінің атымтай жомарттары Алдияр Қанатбекұлы мен Мақсат Сержанұлы 1 млн. 500 мың теңгеге 17 отбасының 30 баласына мектепке керекті құрал-жабдық, киім-кешектің барлығын да алып берді. Олар балалардың бақытты күлкісін бәрінен жоғары қояды. Олардың ештеңеден тарықпай, саналы тәрбие, сапалы білім алуын қалайды. Сондықтан, балаларға «Мектепке жол» акциясы аясында жан-жақты көмек көрсетеді.

«Балам» дейтін жұрты болмаса, «Жұртым» дейтін бала қайдан болсын?!» – деп бес арысымыздың бірі Ахмет Байтұрсынов айтқандай, балалардың болашағының жарқын болуын қамтамасыз ету – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының басты борышы.

Ендеше, «Мектепке жол» акциясы аясында балалардың мектепке уайымсыз баруына үлес қосып отырған үлкен жүректі азаматтарымыздың ісіне қолдау білдіре отырып, өзіміз де осы акция барысында ғана емес, әрдайым көмек көрсетуіміз қажет. Сонда ғана балалардың болашағы жарқын болмақ.
Ал, балалардың болашағының жарқын болуы – еліміздің болашағының жарқын болуының кепілі.

Бахыткүл ЧОТБАЕВА