Аудан тазалығы: жаппай жұмылсақ, іс нәтижелі болады

0 24

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен сөре сызығын аттаған «Таза Қазақстан» жалпы республикалық экологиялық акциясы барша халықтық сипат алып, қоғамдық мәдениетті қалыптастырудағы маңызды рөлімен ерекшеленуде. Тегінде, Меркі жері алыс-жақын шетелдіктер күндіз-түні жосылып жүретін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автодәлізінің бойында орналасқандықтан, өңір жұрт­шы­лығына артылған қосымша жүктің де жеңіл еместігін бағамдасақ болады. Әсіресе, ерттелген сиыр сияқты санаға «соқтығысып», оғаш көрінетін әлдебір қоқыс пен қураған жалғыз ғана бұтақ немесе арам шөп басқан алақандай алқап сыншы келетін сырт көздің жа­нарынан еш «жасырына» алмасы хақ. Сондықтан, жат елдік қонақтардың алдында ұятқа қалып, одан арылудың жолын іздегенше, алдын алу үрдісімен тазалықтың төрінен, абат­тандырудың алдынан табылуымыз шарт. Сайып кел­генде, ол бүкіл еліміздің һәм ұлттың бет-айналық көрінісі, мүддесі мен мерейі деп түсінгеніміз абзал, ағайын.

Бұл ретте, ауданымызда көктемгі және күзгі екіайлықтар барысында жыл сайын ауқымды жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп-ақ келеді. Оны айтып өтпеу – күнә, мүмкін емес. Дегенмен, жоғарыда айтылған, әр кезеңі «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Мөлдір бұлақ», «Өнегелі ұрпақ» сынды тақырыптармен толыққан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бұл бағыттың «санасына» салқын су бүркіп, оның жаңаша түрленуіне ұйытқы болды.

Міне, қарқынына қарағанда, жыл он екі айға жалғасуы кәдік тазалық акциясы сәрсенбінің сәтті күні де қолға алынды.

Таңғы уақытта Меркінің батыс қақпасы – Ақтоған ауылының іргесіндегі дендросаябаққа жиналған аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер (барлық саны – 10), округ әкімі Данияр Әбдіразақ бастаған қызметшілер мен ауыл белсенділері, аудан жастары және еріктілер аталған нысандағы тазалық жұмыстарын бастап кетті.

Олардың ішінде, тал түптері қоп­сытылған соң, өз істерін жетік меңгерген мамандар әр талдың түбіне аммафос пен селитра тыңайтқыштарын тиісті мөлшерде сеуіп, артынша суару жұмыстарымен айналысса, қалған көпшілік жиі жауған жаңбырдан кейінгі шөптерді орып, саябақ ішін түрлі табиғи қоқыстардан тазартты.

– Ауданымыз одан әрі ажарлана түсуі үшін ел ішіндегі тазалық мәдениетін дамытып, қалыптастыру қажет. Ал, оны ашып көрсетіп, үлгі болуда мемлекеттік қызметшілер, белсенді тұрғындар, ар­дагерлер мен жастардың қосар сүбелі үлестеріне сүйенгенді жөн көріп отырмыз. Міне, осы қоғам мүшелерінің ел ішіне қозғау салуының түпкі нәтижесінде әр азамат өзіне тиесілі есік алдын ғана емес, айнала орта мен өңірін аялайтын жоғары сатыға көтерілсе, ұтпағымыз сол. Тағы айтпағым, тазалық жұмыстары науқангершілік сипатты қаламайды. Ол күнделікті, жүйелі әрі тұрақты түрде қолға алынса, нұр үстіне нұр жауатыны айқын – дейді, осындағы бар жұмысты басқарып жүрген аудан әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаев.

Осы күні аудан орталығындағы «Даңқ қорғаны» ескерткішінің айналасы да түрлі қоқыстардан арылып, беткейдегі гүлзарлар арам шөптерден тазартылды.

Бұл іс-шарада Меркі ауылдық округінің әкімі Ғазиз Байарыстан мен оның командасы, Меркі ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Тасан Дуанабаев ағамыз бас болған, құрамында Совет Қалманбетов, Мұхамеджан Әлімқұлов, Насырходжа Махмудов және т.б. округ ардагерлері мен аудан әкімдігінің бөлім қызметкерлері еселі еңбектің үлгісін көрсете алды.

Иә, түптеп алғанда, «ауданымыздың тазалығы – келген қонақтың алдындағы абырой-ожданымыздың сақталғаны» – деп, олардың жадында ауданымыз турасындағы тәуір көзқарас қалыптасуын ойлап жатамыз. Бұл дұрыс-ақ. Десек те, ең алдымен, ол ауданымыздың өркендеп, көңіл хошымыздың артуына керек.

Осы тұста, реті келгенде сөз қозғасақ, аудан көшелерінің бойында алты ай аптап ыстық пен қақаған қыс күндерінде біз бен сіз жолай тастай салған түрлі қоқысты еңкейе теріп, жинастырып жүрген қоғамдық жұмысшы санатындағы әйел азаматтарымыз – аруларды күнде көретініміз рас. Бірақ, мәдениетсіздіктің мәнеріне салынып, надандықтың нәжісіне малынған күйде сасық санамызды көрсететін белгі – кезекті қоқысты еш ойланбай тастай салу біз үшін үйреншікті жайтқа айналған. Ол, тіпті, темекі тұқылы, не кәмпит орамасы болса да заңға қарама-қайшы келеді. Ал, біздер көлемі үлкен түрлі сусынның метал не шыны құтысын, шемішке орамы мен темекі қорабын да «артымыздан жинайтын адам бар» – деген пасық ниетпен тастай салуды жалғастыра беретініміз ащы шындық. Аудан іші – ортақ мекеніміз. Қоқысқа өзіміз толтырып жүрген осы мекеннің ортасын ойып, жайбарақат отыру – зайырлы қоғам мүшелеріне жараспайды. Сондықтан, осы жаман ғадеттен арылатын уақыт келді емес пе?! Ойланайықшы, ағайын…