Төтенше жағдайларға дайын болу – алға қойған мақсат

0 18

Осы аптаның сейсенбісі күні ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Кенжеахметов Ғали Қуанұлы арнайы жұмыс сапарымен ауданымызда болды.

Ғали Қуанұлы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі тиісті мекемелердің жұмыстарымен танысып, өртке қарсы және авариялық-құтқару ерікті құрылым күштерінің дайындығын жергілікті жерде тексерді.

Жазғы маусымдық кезеңге байланысты өрт қауіпі туындаған жағдайда оны жою мақсатындағы іс-қимылдарды мемлекеттік органдардың басқаруы мен құрылымдардың арнайы техникалық және өзге де құрал-жабдықтармен жабдықталуына баса мән берген Мемлекеттік инспектор Ғали Кенжеахметов аудан әкімі Жорабек Баубековтың бастауымен бұрынғы тік ұшақ алаңында да болып, кез келген төтенше жағдайға қарсы жұмыстардың дайындық сапасымен танысты.

Аталған тік ұшақ алаңында аудандық №9 өрт сөндіру бөлімі, Төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме, аудандық полиция бөлімі мен ауылдық округ әкімдіктерінің жанынан құрылған ерікті өрт сөндірушілер тобы, барлығы 68 жасақ пен 22 дана түрлі қажеттілікке жарамды арнайы техника сап түзеген екен.

Әр бөлімнің атқарар жұмысымен жеке танысып, кең ақпар алған ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ғали Кенжеахметов Төтенше жағдайларға қарсы қолданылатын құралдар мен қондырғылардың жарамдылығын іс жүзінде тексеріп, жоғары бағасын берді.