Меркі жеріндегі революция дауылпаздарын еске алсақ, әрине, ең алдымен, Тұрар Рысқұлов пен оның сенімді серігі болған Мақсұт Жылысбаевтың есімдері бірін-бірі айшықтай толықтырып, қатар жүретіні заңдылық.
Сондықтан болар, 31-мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, аудандық ардагерлер кеңесі ұйытқы болып, М.Жылысбаев атындағы №14 ЖОББ мектебінің ұжымы өткізген «Қуғын-сүргін құрбандары халық жадында» атты ғылыми-танымдық іс-шарасы біртуар азамат Мақсұт Жылысбаевтың мектеп алдындағы ескерткіш-бюстіне гүл шоқтарын қойып, осы тұлғаға тағзым етуден бастау алды.
Іс-шараны жүргізуші, …. айтқандай, халқымыздың тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлермен қатар, тақсыретті кезеңдердің де аз болмағаны, оның ішінде, қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен ұлт қайраткерлерінің есімдерін еске алып, олардың рухтарына құрмет көрсету мақсатында 1 минуттық үнсіздік жарияланды.
Одан кейін жүргізуші «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» деген ежелгі қазақ халқының басынан өткерген тарих беттерін біртіндеп ақтара жөнелді.
– Алаш жетекшілерінің рухты ұрандары сол заманның оқыған, алғыр, талантты жастарын баурап алды. Міржақып Дулатов: «Оян, қазақ!» десе, Халел Досмұхамедов: «Өз тілін өзі білмеген ел – ел бола алмайды. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт» деп ұран тастап, халқымыздың санасына ой салады. Ахмет Байтұрсынов болса «Басқалардан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – кәсіп керек. Күшті болуға – бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген тұжырымын ел ішіне сіңірді. Бұл сөздерден алар тағылым мен түйер ойлар орасан зор. Өткеннің өкінішті кезеңдерін еске алсақ, 1925 жылы елімізді басқаруға келген Филип Голощекин Қазақстанда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Соның салдарынан ұлт зиялылары жаппай қуғындауға ұшырады. Репрессия жылдары Қазақстанда 125 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілген. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров және Меркі жерінен шыққан М.Жылысбаев, Қ.Сарымолдаев, А.Қосанұлы сынды қайраткерлер мен ұлт зиялылары болды – деген …… іс-шараға қатысушы қонақтарды таныстырып өтті.
Олардың қатарында заң ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры Мұсабек Әлімбеков, Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Меңдібай Әбілұлы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Рахат Саламатова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев, орынбасары Мелісхан Жұматаев, белгілі тіл жанашыры Бауыржан Бекжанов, «Жаңатоған-Береке» кооперативінің басшысы, ауыл медиаторы Сауытбек Ешетов, ардагер-ұстаз, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татығұлова, Жаңатоған ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Темірхан Алжанбаев, №12 ЖОББ мектебінің директоры Ілияс Әлімхожин, Жаңатоған ауылдық округі Аналар кеңесінің төрайымы Әсем Аманбаева, сонымен қатар, мектептің педагогикалық ұжымы мен оқушылар, ауыл тұрғындары болды.
Мектеп оқушыларынан құралған хор мүшелері «Біргеміз», Серікжан Әлімхожин мен Нұрғали Рысбекұлы «Ұлы дала» әнін, көркемсөз шеберлері – Хадиша Оңланқұл «Шығамын тірі болсам, адам болып», Орманхан «Оқуға шақыру», ал, Дарын Құдайберген «Жас қазақтар, қайдасың?» шығармаларын жатқа айтып беріп, іс-шараның мазмұнын байыта түскендей әсер қалдырды.
Келесі кезекте, мектептің конференц-залында жоғарыда аталған Мұсабек Әлімбеков сол бір қаралы күндер бойынша өзінің ой-пікірлерімен бөліссе, Меңдібай Әбілұлы «Ұлт мүддесі үшін күрескен» тақырыбында, Рахат Саламатова «Тұғыры биік тұлға», Мелісхан Жұматаев «Дүние-ай, қайтейін мен кеңдігіңді!» атты баяндамаларын оқып, көпшіліктің сұрақ-сауалдарына жауап берісті.
Одан кейін 5-сынып оқушысы Ернұр Оңласын көптің көңілінен шыққан «Меркі жерінің ұлт жанашыры, Алаш қайраткері Мақсұт Жылысбаев» атты ғылыми жобасымен таныстырды ( жетекшісі Ренат Ахбанбетов).
– Біздің халық қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің есімдерін еске алу, олардың рухтарына құрмет көрсетуді әр уақытта да есінен шығарған емес. Бұл – тарихтан тағылым алып, биік мақсат – «Мәңгілік Елге» бет алған ұлы халықтың ұлағатты ісі. Тарихи жадымызда жатталған сол замандағы қиын кезеңдердің табы біздің бірлігімізді одан әрі бекемдеп, халықтың жадында мәңгілікке сақталатын болады. Алаш қайраткерлері қалыптастырған ұлттық санамызды жаңғырту сапары – бүгінгі Тәуелсіздігіміздің тұғырлы етер берік ұстындардың бірегейі болатынын естен шығармағанымыз абзал. Алаш идеясы – қазақ идеясы – деп қорытқан жүргізушінің сөзінен соң, мектеп директоры Гүлжамал Мұратова көпке аса қажетті кештің өтуіне ұйытқы болған аудандық ардагерлер кеңесі мен ұйымдастырушыларға, сонымен қатар, кеш қонақтарына деген алғысын жеткізді.
Іс-шара соңында ауыл мешіті жанындағы асханада дастархан жайылып, қуғын-сүргін құрбандарының рухына бағышталып құран оқылды.