Құрылтай

Құрылтай – халық пен билік арасындағы алтын көпір

0 12

Еліміздің жаңа Конституциясының қабылдануы – мемлекеттің құқықтық және қоғамдық дамуында өзіндік орны бар айтулы оқиға. Меніңше, оның мәнін тек жаңа нормалар мен өзгерістер аясында қарастырмай, азамат пен мемлекет арасындағы өзара жауапкершіліктің жаңа деңгейі ретінде бағалау қажет. Өйткені Ата Заң – елдің бүгінгі болмысын ғана емес, алдағы бағытын да айқындайтын басты құжат.

Қазіргі кезеңде қоғамның ақпаратты еркін алып, өз пікірін ашық білдіруге, ел өміріндегі маңызды үдерістерге белсенді араласуға деген талабы жоғары. Осындай жағдайда мемлекеттік институттардың халықпен тиімді байланыс орнатуы аса маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтайдың қалыптасуы – назар аударарлық жаңалық. Құрылтай депутаттары қоғамдағы түрлі пікірлер мен ұсыныстарды жинақтап, ел көлеміндегі өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік алуы тиіс.

Газет редакторы ретінде өңірдегі қоғамдық өзгерістердің халыққа дұрыс әрі түсінікті жеткізілуіне ерекше мән беремін. Қандай реформа болмасын, оның нәтижесі тұрғындардың күнделікті өмірінен көрінгенде ғана өзінің шынайы маңызын көрсетеді. Сондықтан жаңа Конституцияның мазмұнын халыққа қарапайым әрі нақты түсіндіру, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру – бұқаралық ақпарат құралдарының да маңызды міндеттерінің бірі.

Құрылтайдың жұмысы да ел мен қоғам арасындағы ашық диалогты дамытуға ықпал етеді деп сенемін. Әсіресе өңірлердің мәселесі, ауылдың ахуалы, әлеуметтік саланың дамуы, білім, мәдениет, жастар тәрбиесі секілді бағыттардың назардан тыс қалмағаны маңызды.

Жаңа кезең бізден тек өзгерісті күтуді емес, оған өз үлесімізді қосуды талап етеді. Заңды білу, өз құқығыңды түсіну және қоғамдық жауапкершілікті сезіну – заманауи азаматтың басты ұстанымдарының бірі. Сондықтан Жаңа Конституция мен Құрылтайды елдің болашағын қалыптастыратын ортақ мүмкіндіктер ретінде қабылдауымыз қажет.

Әлихан НҰРАЛИЕВ,
«Меркі тынысы» газетінің редакторы.