Аудан әкімі белсенді азаматтарды марапаттады

0 21

Көктемгі су тасқынының алдын алу және салдарын жоюда белсенділік танытқандары үшін бірқатар азаматтар марапатталды.

Көктемгі ауа-райына байланысты, аудан аумағындағы су айдындарында да су тасу қауіпі туындаған болатын. Алайда, дер кезінде атқарылған шұғыл шаралардың нәтижесінде, жағымсыз жағдайларға жол берілмеді.

Сақтық шараларының бел ортасынан табылып, белсенділік танытқан бірнеше азаматты аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы арнайы қабылдап, алғыс айтып марапаттады.

Көктемгі су тасқынының алдын алу және салдарын жоюда белсенділік танытып, ерекше көзге түсіп, ерлік көрсеткені үшін Нұржігіт Алпысбай Жамбыл облысы әкімінің өкіміне сәйкес, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Сол сияқты, тағы бірнеше азамат аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сонымен қатар, әртүрлі жарыстарда аудан намысын абыроймен қорғаған спортшылар да марапатталды. Атап айтсақ, Ташкент қаласында ересектер арасында қол күресінен Азия чемпионатында жеңімпаз атанған Жарқынай Рахымбаева, «Балуан Шолақ Баймырзаұлының 160 жылдығына» арналған мемлекеттік қызметшілер арасындағы волейболдан ауданаралық жарыста 3-орынды иеленген Меркі ауданының командасы және аталған жарыста «Үздік байланыстырушы» атанған спорт бөлімінің басшысы Азамат Қасабеков аудан әкімінің грамотасы және сыйлықтарымен марапатталды.