Азия чемпионын қарсы алды

0 27

Жұма күні бокстан Азия чемпионы атанған меркілік жас чемпионды туған жері – Рысқұлов ауылының тұрғындары салтанатпен күтіп алды.

Жуырда, Астана қаласында бокстан жастар арасында Азия чемпионаты өтіп, оған 26 мемлекеттің жасөспірімдері қатысқан болатын.Осынау дүбірлі додада Рысқұлов ауылының тумасы Мадияр Бексұлтан­ов 80 келі салмақта ел намысын қорғап, қарсыласқа шақ кел­тірмей Азия чемпионы атанды.

Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Қайрат Рахымбайұлы, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары, жас чемпионды асыға күткен ауыл жастары дерлік түгел жиналды.
Жиналған көпшілік жас чемпионды жеңісімен құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп, құрмет көрсетті. Мадиярдай чемпионды тәрбиелеген апасына камзол кигізіп, нағашыларына шапан жапты.
Қайрат Рахымбайұлы спортшыны жеңісімен құттықтап, аудан әкімінің алғыс хаты мен арнайы сыйлығын табыстаса, ауызбіршіліктің жарқын үлгісін танытқан ауыл жұрты Мадиярға тұлпар мінгізіп, алдағы байрақты бәсекелерде топ жаруына тілектестік білдірді.

Чемпионын аялап, алақанына салған ауыл жұртына Мадиярдың апасы Әскеркүл Сейітқазиева, нағашы атасы Төрехан Сегізбаев және Гүлзада Сегізбаева ақжарма алғыстарын айтты. Сонымен қатар, Асқар Әбікенов бастаған ақсақалдар мен ауыл тұрғындары да Мадиярды жеңісімен құттықтап, қуанышқа ортақтасқан ауыл тұрғындарына алғыстарын білдірсе, Жолан Желтаев ақсақал чемпионға бата берді.

Содан соң чемпионның құрметіне арнап қонақ асы беріліп, ауыл жастарының ұйымдастыруымен көкпар ұйымдастырылды.