Қасіреттің қазаны қайнаған отты жылдар

0 28

Әсіре ұлтшылдыққа бой алдырып, нәсіл артықшылығын жоғары қою – адам баласының ең үлкен қателігі. Біз оның ең сұмпайы сипатын нацистік Германияның қалыптасқан адамзаттық арнаны кері ағызып, бүкіл әлемді жаулап алмақ ниетінен көреміз.

Өткен ғасырда орын алған Екінші дүниежүзілік соғыс жер шары тарихындағы қолдан жасалған ең сұрапыл апат ретінде жылдар жылнамасына жазылды. Оның шығыс майданы, яғни, 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысы 1418 күн мен түнге созылып, соңғы деректер бойынша тек КСРО жағынан 27 миллион адамның құрбан болғандығы расталып отыр. Ұлы Отан соғысы Кеңестер Одағындағы әр шаңырақты шайқалтты, асқақ армандарды ойран етіп, адам тағдырын тәлкіге ұшыратты. Оның жарасы ешқашан жазылмақ емес. Ол қасіреттің салдары ұрпақтар сабақтастығымен жалғаса береді.
Биыл есіл ерлердің қан төгуімен келген ұмытылмас Ұлы Жеңіске – 79 жыл. Осы орайда, 9-мамыр күні аудан орталығындағы Ұлы Отан соғысы құр­бандары ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, майдангерлерді еске алуға арналған, қуаныш пен қайғы қатар жүретін іс-шара болып өтті.

Жиынға аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихаттың төрағасы Мұратбек Көкірекбаев, «АMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Күлайым Шағатаева, аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Асан Пшаев, әскери бөлімнің сарбаздары, аудан ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері, ауданымызда тіркелген қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің төраға, мүшелері, этно­мәдени орталықтардың өкілдері, сонымен қатар, аудан тұрғындары қатысты.

Аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы бастаған топ соғыс құрбандарын еске алып, гүл шоқтарын қою рәсімін жасаған соң, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды.
Сөз алған аудан басшысы Жорабек Баубеков соғыс өрті 79 жыл бұрын нақ осы күні сөніп, соңғы мылтық дауысы естілгенімен, оның жаңғырығы жадымыздан өшпейтінін айтып, әр шаңырақты қасірет таяғымен аяусыз соққылаған соғыс сойылы келмеске кетуін тілеп, көпшілікті Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.

Жиын кезінде сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев кешегі ұрыс даласында мәңгіге қалған соғыс құрбандарын ұмытпай, Тәуелсіз еліміздің аспанын соғыс өрті шарпымауы мақсатындағы саясатымыз бекем болуын айта келе, ел болашағы үшін басын қатерге тіккен батырларымызды кейінгі ұрпақ өкілдері ұмытпауға шақырды.
Жиынның келесі бөлігінде біздің бейбіт өмір сүру жолымызда құрбан болған майдангерлердің рухына 1 минут үнсіздік жарияланды.

Келесі кезекте аталған көпшілік арамызда жүрген жалғыз соғыс ардагері Әзім Жармұханбетов тұратын Ақарал ауылына бет түзеді.

Сонау 1942 жылдың соңында майданға аттанып, Отан қорғаған Әзім ақсақал бұл күндері ғасыр жасқа толып, Ұлы Жеңістен кейінгі 79-шы көктемді қарсы алып отыр.
Осы ретте, ардагер абыз атаны барша меркіліктер атынан Ұлы Жеңіспен қызу құттықтаған аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы көпшілік алдында ел Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мере­келік Құттықтау хатын оқып беріп, сый-сияпатын тапсырған соң, ата дәстүрі бойынша иығына шапан жауып, бөрік кигізді.

Ұлы Жеңіске 79 жыл толуына байланысты жиын майдангер Әзім Жармұханбетов тұратын Ақарал ауылындағы Ұлы Отан соғысы құр­бандарына арналған ескерткіш ал­дында жалғасын тапты.
Алдымен, кезіндегі осы алақандай ауылдан соғысқа аттанып, Отан қорғау жолында Ақаралдың ақ топырағын қайта басу бақыты бұйырмаған боздақтар мен соғыстан кейінгі жылдары қайтыс болған ардагерлер рухына тағзым ретінде арнайы салынған әсем ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Одан кейін аудан әкімі Жорабек Баубеков пен аудандық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев жи­налған көпшілікті Ұлы Жеңіс күнімен қызу құттықтап, ардагерлер есімі жадымызда мәңгі сақталатынын жеткізген соң, ата салтымен әруақтар рухына бағышталып құран оқылды.
Мерекелік жиын Ақарал ауылдық мәдениет үйі алдында өткен концерттік бағдарламаға ұласып, спорттық ойындармен жалғасын тапты. Сонымен қатар, көпшілік үшін ауданымыздағы әскери бөлімнің жылжымалы асханасы дайындаған солдат ботқасы таратылды.

Сөз соңында айта кетсек, 30-шы жылдардың аштығы кесірінен аз ғана халқы қалған алақандай Ақарал ауылының өзінен 148 азамат қолына қару алып майдан даласына аттанған болса, туған жерге оның 98-і қайта оралмаған екен. Бұл дегеніміз – 98 түтіннің шаңырағы құлап, оты сөнді деген сөз. Аты жаман сұрқия соғыстың зардабы осы, ағайын. Сондықтан, бейбітшілік – ең басты құндылығымыз болғаны абзал.