Халыққа қасірет әкелетін қандай да бір соғыс өрті талайды тағдырдың теперішіне ұшыратып, жұрт жанына ешқашан жазылмас жара салатыны ақиқат.
Биыл фашистік Германияны тізе бүктірген Ұлы Жеңіске 79 жыл. Алайда, одан кейін де жер беті қару кезенген түрлі қақтығыстардан кенде болмады…
Осы орайда, 1980 жылдың аяғы мен 1990 жылдың басында Таулы Қарабақтағы ұлтаралық жанжалдан туындаған қарулы қақтығысқа қатысып, бітімгерлік миссиясын атқарған, яғни, Армения мен Әзірбайжан арасындағы Таулы Қарабақ және оған жақын орналасқан аймақтарды бақылауға алу кезіндегі соғыс қимылдарына қатысқан жауынгерлер біздің ауданымызда да бар.
Жамбыл облысы бойынша «Таулы Қарабақ» этносаралық қарулы қақтығыстарды реттеуге қатысқан ардагерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ізтілеуов Дәурен Тұрғынәліұлының берген мәліметі бойынша облыста 70-тей адам тіркелсе, оның 6-уы біздің ауданның азаматтары.
Ауданымыздағы ұйымның төрағасы ақаралдық Сүгірәлиев Ихтиандр Қалметұлы болса, мүшелері – Хамзаев Қуаныш Жұманұлы (Сыпатай ауылы), Күкібаев Мұрат Нарманұлы (Сарымолдаев ауылы), Асхат Ахтанбердиев (Меркі ауылы), Дәрмен Керімбеков (Тәтті ауылы) және ақтоғандық Қасымов Ерлан Ермаханбетұлы болып табылады.
Міне, соғыс қимылдарына қатысып, жастық шақтарының бір бөлігін отқа ораған жоғарыда аталған Таулы Қарабақ жауынгерлері дүйсенбі күні Ақарал ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Әзім Жармұханбетовтың шаңырағында болып, сәлем бере Әз-атаны 100 жасымен құттықтап қайтты.
Әлі де айтары бар, сапта тұрған қарт жауынгермен ұрпақтар сабақтастығы аясында емен-жарқын сұхбат құрған олар облыстық бірлестіктің «Қазақстан ардагері» медалі мен Алғыс хатын тапсырып, қазақы дәстүр бойынша Әзім атамыздың иығына шапан жауып құрмет көрсетті.
Сөз соңында, қазіргі таңда Жамбыл облысы бойынша 8 ҰОС ардагері арамызда жүрсе, оның ішінде, біздің ауданымызда 1 ғана қарт жуынгер бар, ол ақаралдық Әзім Жармұханбетов екенін айта кетейік.