Жаңа заманның жат әдеттері

0 27

Жуырда И.Трубицын атындағы №17 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясында Меркі ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Роза Байбосынованың ұйымдастыруымен «Жаңа заманның жат әдеттерінен аулақ бол» тақырыбында кездесу болып өтті.

Аталған мектептің 8-10 сынып оқушылары қатысқан жиынның басты мақсаты: жасөспірімдерге жаңа заманның жат әдеттері – электронды темекі, кальян /қорқор/ шегудің қаншалықты зиян екенін ұғындырып, осы ретте түсіндіру болатын.

Тәлім-тәрбиелік мәні зор іс-шараға қоғам жанашыры Совет Қалманбетов, Меркі ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Тасан Дуанабаев, Меркі ауылдық округі ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Насыр Махмудов, Меркі ауылдық округі билер кеңесінің төрағасы Сәрсен Әбенов, ардагерлер кеңесінің мүшесі Жексен Ашкееев, Меркі ауылдық округі аналар кеңесі төрайымының орынбасары Ләззат Исаева, аналар кеңесінің мүшелері Айбарша Қанаева мен Күлдариға Дүйсекова, мектептің аналар кеңесінің мүшесі Мадина Дангилова, жастар ресурстық орталығының психологы Аружан Темірбай, Меркі ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Аяужан Жайлау қатысты.
Іс-шараны жүргізуші Роза Байбосынованың кіріспе сөзінен кейін «Электронды темекі қаншалықты зиян?» бейнефильмі көрсетіліп, сол тақырыпта Ләззат Исаева шағын дәріс берді.

Келесі кезекте мектеп оқушыларының қатысуымен «Уланбасын өмірің» атты тақырыппен көрініс қойылып, келген қонақтарға «Спорт – денсаулық кепілі» тақырыбында би ұсынылды. Жиын барысында «Кальян шегудің зияны, оның шығу тарихы» тақырыбында бейнефильм көрсетіліп, Күлдариға Дүйсекова «Кальян денсаулыққа қан­шалықты зиян» тақырыбында дәріс берсе, «Есірткіден аулақ бол!» тақырыбында көрініс қойылып, «Зиянды заттардың қауіптілігі» туралы оқушылар баяндап берді.

Жастар ресурстық орталығының психологы Аружан Темірбай жаңа заманның жат әдеттерінің қаншалықты қауіпті екендігін мысалдармен толықтырды. «Шыңғысханның өсиеті» атты қойылымы болған соң, кездесу өз мәресіне жетті.