Дені саудың – жаны сау

0 23

1946 жылы БҰҰ-ның жанынан құрылған халықаралық медициналық мекеменің Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының Жарғысында бекі­тілген негізгі мақсаты – жер бетіндегі барлық халықтардың денсаулығын жақсартуға қол жеткізу. ДДСҰ-ның Жарғысы қабылданған күн 1948 жыл­дың 7-сәуірі – «Дүниежүзілік денсау­лық қорғау күні» болып белгі­ленген.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», – демекші, бірінші байлық – денсаулық. Бірақ, осы сөздің салмағын, жүктер жауапкершілігін көбіне сезбейтін де, мойындамайтын да сыңайлымыз. Айтылған сәтте көңілімізге қонады, құлағымызға жағады. Сөйтіп, күндердің күнінде бір арылмас дертке шалдығып, санымызды соғамыз. Денсаулық – тән, рухани және әлеуметтік игіліктің жиынтығы.
Дүниежүзілік денсаулық күнінің басты тақырыбы – Гипертония «Қаны­ңыздың қауіпсіздігі – көпшілік өмірін құтқарады» ұранына негізделген. Дүниежүзілік денсаулық күніне ар­налған іс-шаралардың өткізілуі адам өмірінде денсаулықтың өте маңызды екендігін ұғындыру. Қазіргі қоғамның негізгі мәселесіне айналған гипертония немесе жоғары қан кысымы, инфаркт, инсульт және бүйрек жетіспеушілігінің даму қаупін жоғарылатуда.

Дер кезінде бақыланбаған гипер­тония соқырлыққа, аритмия және жүрек жетіспеушілігіне алып келуі мүмкін. Әлемдегі әрбір үшінші ересек адамда гипертония ауруы байқалады. Жас ерекшелігіне қарай гипертониямен ауыратын адамдардың үлесі артуда, мәселен, 20-дан 40 жасқа дейінгі он адамның біреуі, ал, 50-ден 60 жасқа дейінгілерде он адамның бесеуі осы аурумен ауырады.

Қазақстанда артериалық гипер­тонияның өсу үрдісі сақталуда. ҚР статистикалық агенттігінің деректеріне сәйкес 2010 жылы 100 мың адамға шаққанда 913,8 артериалық гипертония аурулары оқиғасы тіркелсе, ал, 2011 жылы бұл көрсеткіш – 1035,0- ге жеткен.
Темекі шегу, ішімдікке салыну, есірткіні қолдану, еңбек және демалу тәртібін дұрыс сақтамау, стрестік жағдайда өзін дұрыс басқара алмау, өз денсаулығына немқұрайлылық салдарының ең байыптыларының бірі болып табылады. Созылмалы жұқпалы емес аурулармен (СЖЕА) ауыратындар дер кезінде дәрігерге қаралмаса, онда жүрек қан тамыры ауруларының саны артады, өмір сапасы мен ұзақтығы төмендейді

7-сәуір – Денсаулық күніне орай ауданымыздың ерікті жастары ара­сында «Дені саудың – жаны сау» атты спартакиада өткізілді.

Іс-шараның ашылу салтанатында Жамбыл ауылдық округі әкімінің орынбасары Айбол Жұманұлы мен аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қаржы және әкімшілік бөлімінің басшысы, бас есепші Нұркен Дуанбекұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарыс барысында аудан жастарынан құрылған 7 топ қатысып, бақ сынасты. Олар: «Ақтоған», «Жамбыл», «Асанбай Асқаров колледжі», «Сұрат», «Ойтал», «Ақермен», «Кеңес» командалары.
Өте тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша жүлделі I орынды – «Ақтоған» командасы, II орынды – «Кеңес» командасы, III орынды – «Жамбыл» командасы иеленді. «Ойтал», «Сұрат», «Асанбай Асқаров колледжі», «Ақермен» командалары Алғыс хаттармен, кубок, диплом, бағалы сыйлықтармен марапатталды.