Дүйсенбі күні аудандық мәслихаттың бірлескен тұрақты комиссияларының отырысынан кейін, аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында, сегізінші шақырылған Меркі аудандық мәслихатының кезекті жиырма екінші сессиясы болып өтті.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Көкрекбаев Мұратбек Болысбекұлы төрағалық жасаған сессия жұмысына аудан әкімінің орынбасары Арғымбаев Қайрат Рахымбайұлы, аудандық мәслихаттың депутаттары мен аудан әкімдігінің бөлім басшылары, сонымен қатар, тиісті мекеме-ұжым басшылары қатысты.
Сессияның күн тәртібінде «Сұрат және Жаңатоған ауылдық округі әкімдерінің 2023 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі», «Меркі ауданы бойынша шетелдіктер үшін 2024 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту туралы» және «Экономика, бюджет, салық және құрылыс пен инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы туралы» Меркі аудандық мәслихатының 2023 жылғы 30-наурыздағы №1-6 шешіміне өзгерістер енгізу» туралы мәселелер қаралды.
Ағымдағы жылдың 31-наурызы күні Меркі аудандық мәслихатының №15 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша шығып қалған депутатының орнына сайлау болып өтіп, сайлаушылар жаңа халық қалаулысын таңдағаны белгілі.
Осы ретте, сессия төрағасы Мұратбек Көкрекбаев бұл туралы ақпар беру үшін Меркі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Шорман Абылқасымовқа сөз кезегін ұсынды.
Сөз алған Шорман Абылқасымов аталған сайлауға 3 кандидат қатысса, оның ішінде, дауыс беру құқығына ие 3730 азаматтың 1240 дауысын алған Альбина Темірбекова Меркі аудандық мәслихатының депутаты болып тіркелгенін жеткізді.
Келесі кезекте, Сұрат ауылдық округінің әкімі Жасұлан Жантелиев пен Жаңатоған ауылдық округінің әкімі Мерей Рамадановтың 2023 жылы атқарған жұмыстары туралы есептері тыңдалды.
Айта кетсек, жуырда аудандық мәслихаттың депутаттары тарапынан аталған екі округте зерделеу жұмыстары жүргізілген-ді.
Осы орайда, мәслихат депутаты Айдосхан Құрманалиев қосымша баяндама жасап, зерделеу барысында Сұрат және Жаңатоған ауылдық округтерінде кездескен бірқатар кемшін тұстарды заң талаптарына сай реттеу мәселесін көтерді.
Жарыссөз кезінде депутаттар – Ербол Әкетаев, Азиз Хейроев, Нұрлан Сейсенбаев, Тәуіржан Алтынбаев пен Күлайым Шағатаева өз ой-пікірлері және ұсыныстарын ортаға салды.
Күн тәртібіндегі барлық мәселелер депутаттар тарапынан толық қолдау тауып, олардың дауыс беруі арқылы аудандық мәслихаттың шешімдері бірауыздан қабылданды.