Қазіргі нарықтық заманда шағын және орта бизнес – ел экономикасының негізгі тірегі. Сондықтан, осы саланың өкілдерін экономикалық дамудың негізгі драйвері десек болады. Бұл ретте аудан экономикасына инвестиция салып, ауқымды жобаларға қолдау көрсету маңызды.
Осы орайда, аудандық прокуратураның үйлестіруімен, аудан әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен, кәсіпкерлермен кездесу өткізілді. Онда аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы аудан аумағында ауқымды инвестжобаларды жүзеге асыру бойынша кәсіпкерлермен пікір алмасып, осы мақсатта қолға алынған жоспарлармен бөлісті. Еркін форматта өткен басқосу барысында аудан әкімі аудандық бизнес өкілдерін өндіріс бағытына бет бұруға шақырды.
Жорабек Нұрмергенұлы қазіргі уақытта бизнесті дамыту ісі тойхана, дәмхана және ойын-сауық кешендерінің айналасында ғана жақсы өрбігенін алға тартып, ендігі ретте өндіріс орындарын ашуды қолға алатын уақыт жеткенін баса айтты. Әрине, осы мақсатта кәсіпкерлерге жағдай жасау жұмыстары да қолға алыныпты. Жорабек Нұрмергенұлы аудан аумағында екі индустриялдық аймақ ашу жоспарланғанын жеткізді. Оның бірі – электр энергиясын, ал, екіншісі – табиғи газды көп қажет ететін өндіріс орындарын салуға арналады екен.
«Әлемдік экономиканың өсіміне серпін беріп тұрған негізінен шағын және орта бизнес. Сондықтан, біз де осы бағытта алға қарай ұмтылуымыз керек. Қазір біз үшін жаңа өндіріс орындарын, шағын фабрикалар мен цехтар ашудың қажеттілігі жоғары. Сондықтан, осы мақсатта күш біріктіріп, бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын», – деді аудан әкімі. Сондай-ақ, аудан әкімі Меркінің табиғи мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың да маңыздылығына тоқталып, өндіріс орындарын ашуға ниет білдірген кез келген кәсіпкерге тиісті деңгейде қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Иә, аудан әкімі айтқандай, бизнесте билік құрған ірі кәсіпкерлер туған жерге туын тігіп, халыққа қажетті өндіріс орындарын ашатын болса, бұл біріншіден, жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындар тұрмысының түзелуіне септік болар еді.
Сондай-ақ, бұндай инвестициялық жобалар – аудан экономикасының қарқынды дамуына өз үлесін қосатыны сөзсіз. Міне, басқосудың да басты мақсаты осы болатын.