Халық қалаулысына таңдау жасалды

0 24

Ағымдағы жылдың 31-наурызы күні Меркі аудандық мәслихатының №15 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша шығып қалған депутатының орнына сайлау болып өтті.

Аталған №15 сайлау округі бойынша ¬ — Андас батыр ауылдық округінің Қызылқыстақ ауылында орналасқан №297 сайлау учаскесінде барлығы 1768 сайлаушы болса, Сарымолдаев ауылдық округі, Ойтал ауылындағы №283 сайлау учаскесінде 617 сайлаушы, ал, Ақермен ауылдық округіндегі №300 сайлау учаскесінде 1334 сайлаушы, барлығы 3719 дауыс беру құқығына ие азамат ресми түрде тіркелген болатын.

Меркі аудандық мәслихатының №15 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша шығып қалған депутатының орнына 3 үміткер тіркелген-ді. Олар – «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жастар ісі жөніндегі инспекторы, өзін-өзі ұсынған Пірманқұл Жалғас Әбдікерімұлы, №20 БЖСМ-нің әдіскері, өзін-өзі ұсынған Сатарқұл Бақытжан Нұрланұлы мен «Аманат» партиясы Меркі аудандық филиалы ұсынған №3 орта мектебінің директоры Темірбекова Альбина Нұрланқызы.

Барлық аталған үміткерлер сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын кестеге сәйкес, заң талабына сай жүргізіп халықпен кездесулерін өткізсе, олар туралы 5 ақпараттық тақтайша мен 6 баннер елді мекендердің көрнекі жерлеріне орнатылған болатын.

Сонымен, жоғарыда аталған сайлау округінің 3 сайлау учаскелері таңғы 7-00-ден бастап сайлаушылар үшін есіктерін ашты. Барлық сайлау учаскелерінде электорат санына байланысты тиісінше кабиналар қойылса, оның бірі мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы жасақталған екен. Ал, көрнекі жерлерде сайлау комиссиясы мен үміткерлер туралы мәліметтер тақтасы ілініпті. Бақылаушылар үшін арнайы орын да қарастырылған.

Өз кезегінде, шалғайда орналасқан Ақермен ауылдық округіндегі Ә.Хасенов атындағы №11 ЖОББ мектебінде орналасқан №300 сайлау учаскесі бойынша кеңінен мәлімет берсек, онда басқа сайлау учаскелерінде сияқты халық қалаулысын таңдау саяси науқан іс-шарасы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілді.

Аталған №300 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Рахат Сейітқазиевтің басшылығымен, төраға орынбасары Дәурен Нұрымбетов, комиссия хатшысы Гүлназ Байтелиева, сонымен қатар, комиссия мүшелері Данияр Нұрланов, Жақсылық Жұмабеков, Нұрбек Жұмаханов пен Жарқынай Нұрахановалар таңғы 7-00-де өздеріне тиісті жауапты қызметтеріне кірісіп те кетті.

Алдымен, Мемлекеттік Әнұран орындалған соң, комиссия төрағасы Рахат Зауытұлы сайлаудың заң шеңберіне сай ашық әрі әділ өтуі керектігін назарға алып, комиссия мүшелеріне сәттілік тіледі.
Учаске бойынша барлығы 1334 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде, 4 азамат мүмкіндігі шектеулі топқа жатса, үйден дауыс берушілер саны 10-ды құрайды, ал, алғаш рет дауыс беріп, таңдауын жасайтындар 23 азамат екен.

Алғашқы болып өз қалауын білдіріп дауыс берген мектептің кіші қызметкері Замира Жексембиева болса, Алтын арық ауылынан арнайы келген 86 жастағы Назия Хубиева да қоғамдық-саяси науқаннан сырт қалмай, дауыс берушілердің алдыңғы тобынан көрінді.

Ал, үйден дауыс беруші 92 жастағы апамыз Тұрсын Даумшарова өз таңдауын жасаған соң, сонау 1950 жылдан бері сайлау науқандарына үзбей қатысатынын айтып, ел ішінің өзгеруіне ұйытқы болатын бүгінгі сайлау жұмысына сәттілік тілеп, батасын берді.

Сайлау кезінде Мадина Қоңырбаева №300 сайлау учаскесінде «АMANAT» партиясының өкілі, ал, Жазира Өмірәлиева мен Гүлзира Тұрпанова депутаттыққа үміткер Альбина Темірбекованың сенімді өкілдері ретінде саяси науқанның әділ өтуін бақылады.