Ұлттық ойындардан турнир өтті

0 22

Наурызнама тұжырымдамасы бойынша, 20-наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні облысымыздың барлық өңірлеріндегі секілді, Меркі ауданында да ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.

Рысқұлов ауылындағы атшабарда 2007-2008 жылдары туған жасөспірімдер арасында көкпар, бәйге және аударыспақ ұлттық ойындарынан аудандық турнир өткізілді.
Аталған турнирлер Наурыз мейрамы аясында ұлттық ойындарды дәріптеумен қатар, осы жарыстар арқылы облыстық, республикалық жарыстарға қатысатын жас спортшыларды іріктеу мақсатында да ұйымдастырылды.

Салтанатты ашылу шарасына аудан әкімі Жорабек Баубеков қатысып, қатысушы командалар мен спортшыларға сәттілік тіледі. Көкпарға Кеңес, Қостоған, Ақтоған, Сарымолдаев, Рысқұлов, Андас батыр, Жамбыл және Тәтті ауылдарының командалары қатысты.

Бақ пен бап қатар сынға түскен аламан додаларда жасөспірімдер ұлттық ойындарға деген құштарлықтарын танытып, лайықты өнер көрсете білді.

Көкпардың қорытындысы бойынша, Ақтоған командасы – 1-орынды, Андас батыр командасы – 2-орынды, Жаңатоған командасы – 3-орынды жеңіп алды. Тай бәйгеде Сұрат ауылының «Көкдауыл» тұлпары өзгелерден оқ бойы озып шықты. Одан кейін, Кенен ауылынан келген «Қаракөз» тұлпары мәре сызығын аттаса, Құмарық ауылынан келген «Қазына» тұлпары үштікті қорытындылады. Ал, аударыспақ ойындарында 1-орынды – Б.Серікбай, 2-орынды – І.Исабаев, 3-орынды – Болат Ердәулет жеңіп алды.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бағалы және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.