Маңызды мәселелер шешімін тапты

0 25

Аптаның алғашқы күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында, аудандық мәслихаттың бірлескен тұрақты комиссияларының отырысынан кейін сегізінші шақырылған Меркі аудандық мәслихатының кезектен тыс жиырма бірінші сессиясы болып өтті. Аудандық мәслихаттың төрағасы Көкрекбаев Мұратбек Болысбекұлы төра­ғалық жасаған сессия жұмысына аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы аудан әкімінің орынбасары Арғымбаев Қайрат Рахымбайұлы, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары мен ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Сессия барысында күн тәртібіне қойылған «2024-2026 жылдарға ар­налған Меркі ауданы ауылдық округ­терінің бюджеттері туралы» Меркі аудандық мәслихатының 2023 жылдың 25-желтоқсанындағы №17-4 шешіміне өзгерістер енгізу және «Меркі ауданы бойынша бөлшек салықтың арнаулы салық режимінің мөлшерлемесін төмендету ту­ралы» мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімдігі экономика және бюд­жеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Нұржан Төлебаев баяндама жасады.
Бұл алғашқы мәселе бойынша депу­таттардың толықтай дауыс беруі арқылы «2024-2026 жылдарға арналған Меркі ауданы ауылдық округтерінің бюджеттері туралы» аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 25-желтоқсандағы №17-4 шешіміне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін» деген ау­дандық мәслихаттың шешімі қабыл­данды.
Келесі «Меркі ауданы бойынша бөлшек салықтың арнаулы салық режимінің мөл­шерлемесін төмендету туралы» аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Алтынбаев Ахан Көктеубайұлының ақ­параты тыңдалды.
Оған сүйенсек, өткен жылдың наурыз айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бөлшек салықты салық ко­дексіне енгізу туралы түзетулерге қол қойғандықтан, осыған сәйкес ендігі жерде жұмыскерлерінің саны 200 адамнан аспайтын, ал, табысы күнтізбелік жылда 2 млрд. теңгеден аспайтын кәсіпкерлер арнаулы бөлшек салықты қолдана алады. Қазіргі кезде жасырын, көлеңкелі шағын бизнеспен айналысып отырған кәсіпкерлерді болдырмау және жеке кәсіпкерлердің басқа аудандарға барып тіркелмеуі үшін салықты 2 пайызға төмендеткеніміз жөн болып тұр. Сонда ғана әр кәсіп иесі тұрғылықты жері бойынша тіркелетін болады. Сонымен қатар, бюджетке келтіретін жоғарыда аталған соманың орнын жоғарыда аталған жұмыстармен толықтыруға болатыны күтіледі.
Осы аталған мәселе де мәслихат депутаттары тарапынан толық қолдау тауып, олардың дауыс берулері арқылы «Меркі ауданы бойынша бөл­шек салықтың арнаулы салық ре­жимін қолдану кезінде төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығының мөлшерлемесін салық кезеңінде алынған (алынуға жататын) кірістер бойынша 4 (төрт) пайыздан 2 (екі) пайызға дейін төмендетілсін» төмендету туралы шешім бірауыздан қабылданды.