Наурызнама онкүндігіне сәйкес, 18 наурыз – Ұлттық киім күні.
Іс-шара жоспарына сәйкес, бұл күні ұлттық киімдерді танымал етуге арналған іс-шаралар және сәнді киімдер көрсетілімі мен фестивальдер өткізуге ерекше назар аударылды.
Осы орайда, Меркі ауданында Ұлттық киім күні қарсаңында, ұлттық киімдер сатылатын «Ханшайым» дүкені ашылды. Кәсіпкерлікті ұлттық құндылықтарды дәріптеумен үйлестіре білген жас кәсіпкер – меркілік Мәншүк Шортанбекова.
Аудан орталығында орналасқан дүкенде ханшайымдарға арналған ұлттық киімдер мен әшекей бұйымдардың барлық түрі бар. Сәбилер мен балаларға арналған сәнді киімдер, шапан, камзол, кимешек, қыздарға арналған тақиялар, сәнді сөмкелер мен бұйымдар, сондай-ақ құрақ көрпе, көрпеше-жастық, қыз жасауы, алаша сынды үй бұйымдары да табылады.
Ханшайымдармен қатар, ерлерге арналған ұлттық нақыштармен әсемделген заманауи шапандар мен кеудешелер де сатылады.
Бір қуантарлығы, дүкендегі өнімнің барлығы сырттан сатып алынбаған, яғни, дүкен жанындағы цехта Мәншүк бастаған тігіншілер өз қолдарымен тігеді. Көздің жауын алатын ұлттық киімдерге сұраныс та жоғары екен.
«Біз тек ұлттық нақыштағы киімдерді ғана тігеміз. Өйткені, қазіргі уақытта ұлттық киімдерді дәріптеу маңызды. Қуанышқа орай, ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс та күннен күнге артып келеді. Осы кәсіп арқылы ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға өзіміздің аз болса дағы үлесімізді қосу – біздің басты міндетіміз», – дейді Мәншүк.