«Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында ауқымды идеяларын білім алушылар арасында насихаттау және өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттыру, саламатты өмір салтын дәріптеу, ұлтымыздың мәртебелі мақтанышына айналған азаматтарына қарап бой түзеуіне ұйытқы болу – басты ұстаным. Осы орайда, біздің Мақсұт Жылысбаев атындағы №14 жалпы орта білім беретін мектепте «Алғашқының» алғашқы кейіпкері» атты тұңғыш бағдарлама аясынде естен кетпес кездесу өтті.
Бұл жолы кеш қонағы Қостоған өңірінен шыққан жерлесіміз, мектебіміздің түлегі, ұлағатты ұстаз, спортты өзінің жанына серік етіп, республикалық аренада топ жарып жүрген, волейболдан «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат» Жандос Омаралиев болды.
Басқа іс-шаралардан ерекше кеште ұстаздың өткені мен болашағы туралы қызық та естен кетпес оқиғалар төрт есіктің артына топтастырылды. Жасыл есік (Тартпай қоймас негізінде…) – балалық шаққа саяхат. Қызыл есік (Талантты шәкірт – білікті бапкер) – республика, облыс көлемінде өнер көрсетіп жүрген шәкірттерінің естеліктері. Сары есік (Жанға батқан жара…) – өмір жолында әттеген-ай… деген сәттеріңіз. Көк есік (Төрешілік етудің жауапкершілігі) – әріптестермен өткен бір уақыт…
Іс-шарада құрметті қонақтарымыз – бас кейіпкердің әкесі Қырықбай Омаралиев, әкпесі Нұржамал Әлімбекова, ардагер ұстаз, ауданымыздың білікті бапкері Ерсайын мырза және бас кейіпкеріміздің әріптестері Жандос Қырықбайұлының жетістікке жету жолындағы белестердің артында үлкен еңбектің жатқанын, сол белестерді бағындырып, шәкірт жүрегінен орын табу жолындағы өздерінің еңбек жолымен бөлісіп, жеңісі мен жеңілісі қатар жүретін спорт белесіндегі уақыттары жайлы айтып өтті. Сонымен қатар республика, облыс көлемінде жүрген шәкірттері мен мектебіміздің білім алушылары өздерінің ізгі тілектерін білдіріп, ұстазына деген алғыстарын жеткізіп, мектептің абыройын асқақтатар спорт саңлақтары тәрбиелеуші ұстаздарын әрқашан мақтан ететіндіктерін атап өтті.
Өте тартымды өткен кешті қорытындылаған мектеп директоры Гүлжамал Мұратова: «Ұстаз дегенде қолға қалам ұстатып, үлкен өмірге бағыт сілтеген жандар ғана емес, спортшыны жарыс алаңына алғаш жетелеп келген жаттықтырушылар да ойға оралады. Спортшының маңдай терімен жеткен биігі – бірінші кезекте бапкер еңбегінің нәтижесі. Олар тұғырда қасқайып тұратын ұл-қыздары үшін бар өмірін сарп етеді. Олар ойын баласынан «Олимпиада чемпионын» шығарғанша тыным таппайды. Шәкірттерін жеңісте де, жеңілісте де бірдей жақсы көретін ерекше жандар. Ендеше, Сізге отбасында бақыт, жұмыста табыс, шәкірт тәрбиелеу жолында жеңіс тілейміз», деп өзінің жүрекжарды ізгі тілегін білдірді.