Қазақ қоғамында ағайын арасындағы алтын көпірдің беріктігін бекем ұстап, әулет бақытын баянды етуге, ағайынның ынтымағын арттыруға атсалысып жүрген абысындардың орны ерекше.
Осы орайда, 8 наурыз – Халықаралық Әйелдер күні мерекесінің қарсаңында аудандық мәдениет үйінде «Абысын тату болса…» атты аудандық абысындар байқауы өтті.
Байқау мақсаты – ауданымыздағы ынтымағы жарасқан, бір шаңырақ астында немесе бір әулеттің тату-тәтті абысындары мен келіндерін өскелең ұрпаққа үлгі ету болатын.
Салтанатты ашылу шарасында аудан әкімінің орынбасары Өмірбек Мейірхан Азатұлы баршаны келе жатқан Әйелдер мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ қазақ қоғамындағы аналар және олардың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі жайында айтты.
Байқауға Т.Рысқұлов ауылынан – «Бексұлтановтар», Ақтоған ауылынан – «Сәрсеновтар», Қызыл қыстақ ауылынан – «Күлдіреуіш», Тәтті ауылынан – «Айдарбек», Ақжол ауылынан – «Өмірқұловтар», Кеңес ауылынан – «Байдаулетовтар», Жамбыл ауылынан – «Шүкіревтар» әулеттерінің келіндері қатысты.
Байқауда абысындар өнерін арнайы әділ қазылар тобы бағалады. Оның құрамына Іскер әйелдер қауымдастығының Меркі ауданы бойынша төрайымы Әлия Әубәкірова, «AMANAT» партиясы Меркі аудандық филиалының төрағасы Күлайым Шағатаева, орталық кітапхана директорының орынбасары Айман Буркітбаева, аудандық тарихи-өлкетану музейінің бөлім жетекшісі Айман Жүрсіналиева, Оқушылар «Үміт» сарайының директоры Зәуре Бейсенбаева еніпті.
Байқаудың алғашқы кезеңінде абысындар өздерінің келін болып түскен әулеттерін таныстырса, екінші кезеңде абысындар еркін тақырыпта өз өнерлерін ортаға салды. Ал «Абысын тату болса…» тақырыбындағы үшінші кезеңде қатысушылар абысындар арасындағы татулық пен сыйластықты қазақы дәстүр шеңберінде көрініс арқылы көрсетті. Ең соңғы кезең бойынша, абысындар үйден ұлттық тағам түрлерінен ерекше ас әзірлеп келіп таныстырды. Сондай-ақ абысындарға қамыр жаю тапсырмасы беріліп, олардың барлығы тапсырманы орындаудың үдесінен шықты.
Қазылар алқасының қорытындысы бойынша, Кеңес ауылынан «Байдаулетовтер» әулетінің келіндері бас жүлдені жеңіп алды. Ал 1-орынды – Ақтоған ауылынан келген «Сарсеновтар» әулетінің келіндері иеленсе, 2-орынды – Ақжолдық «Өмірқұловтар» әулетінің келіндері, 3-орынды – Рысқұлов ауылынан «Бексултановтар» әулетінің келіндері иеленді. Байқаудың жүлдегерлері мен қатысушылары арнайы диплом және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.