Аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы ересектер арасында еркін күрестен Қазақстан Республикасының чемпионатында жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінген жерлестерімізді арнайы қабылдады.
Астана қаласында 1-5 ақпан күндері аралығында ересектер арасында еркін күрестен Қазақстан Республикасының чемпионаты өткен болатын.
Аталған біріншілікте алты бірдей жерлесіміз жеңіс тұғырынан көрініп, облыспен қатар, ауданымыздың да абыройын асқақтатқан еді.
Аудан әкімі спортшыларды арнайы қабылдап, жеңістерімен құттықтап, сый-сияпаттарын тарту етті.
Жорабек Нұрмергенұлы: «Құрметті батырлар! Сіздерді ел біріншілігінде жеткен жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер бұл жеңістеріңізбен ауданымыз бен облысымыздың намысын абыроймен қорғап, даңқымызды асырдыңыздар. Бұл сіздердің және бапкерлеріңіздің тынымсыз еткен еңбектеріңіздің арқасында деп білемін. Сіздердің бұл жетістіктеріңіз өздеріңізден кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі екені сөзсіз. Алдағы уақытта бұдан да биік жеңістерге қол жеткізіп, «Олимпиада» сынды спорттың биік шыңын бағындыруларыңызға тілектеспін», – деп, жеңімпаз спортшыларға Алғысхаттар мен сыйлықтарын тарту етті.
Еркін күрестен ел біріншілігінде:
Мейіржан Аширов 70 келі салмақта 1-орынды;
Қуаныш Дүйсенқұл – 70 келі салмақта 2-орынды;
Нұрдәулет Қуанышбай – 86 келі салмақта 2-орынды;
Есқали Дәулетқазы – 92 келі салмақта 2-орынды;
Өсімжан Дастанбек – 61 келі салмақта 2-орынды;
Елдос Қуанышбай – 74 келі салмақта 3-орынды иеленген болатын.
Айта кету керек, 70 келі салмақта ақтық сында екі бірдей меркілік спортшының бақ сынауы – тарихи сәт болды. Ел біріншілігінде облыстардың өзінен алты спортшы жеңімпаз атанбағанда, бұл жетістікке бір ғана аудан, яғни меркілік спортшылар қол жеткізіп отыр. Бұл меркілік еркін күрес шеберлерінің үлкен жетістігі деп білеміз.