Құрылтай

Батырлар ұрпағы іздестірілуде

0 5

Тараз қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасында арнайы іздестіру тобы құрылды. Бұған жоғары тұрған штабтан, яғни Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінен келіп түскен тапсырма себеп болған. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы шайқастарда қаза тапқан жауынгерлердің туыстарын облыс аумағынан іздестіру міндеті жүктелді.
Қоғамдық негізде жұмыс істейтін іздестіру тобының құрамына өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында елді неміс-фашист басқыншыларынан қорғауға аттанған қазақстандық жауынгерлердің есімін ұмытпай, олардың рухына құрметпен қарайтын азаматтар енді. Топ жұмысына Қорғаныс істері жөніндегі басқарманың бастығы, подполковник Ербол Өтебаев жетекшілік етеді. Ендігі міндет – тізімде көрсетілген мекенжайлар бойынша қаза тапқан жауынгерлердің туыстарының бар- жоғын анықтау.

Бұл оқиғаның басталуына Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінен Қазақстанның әскери ведомствосына жолданған хат түрткі болған. Ресей Қорғаныс министрлігінің Халықаралық әскери ынтымақтастық жөніндегі бас басқармасы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасынан (Қазақ КСР) шыққан, майдан даласында және нацистік лагерьлердегі тұтқында қаза тапқан сарбаздар мен офицерлердің туыстарын іздестіруге көмек сұраған.

Ресейлік әскери ведомствоның өтінішіне сәйкес, іздестірушілер әлі күнге дейін жауынгерлердің сүйектерін тауып жатқан ұрыс далаларынан қаза тапқандардың және олардың туыстарының есімдері жазылған құжаттар анықталған. Тізімде барлығы 100 адамның аты- жөні көрсетілген. Ресей тарапы бауырластар зираттарынан немесе ұрыс орындарынан табылған жауынгерлердің жеке заттарын олардың ұрпақтарына табыстауды көздеп отыр. Алты жауынгердің туған- туыстарын өңірден іздестіру қажет.

– Бізге келіп түскен алты адамның аты-жөні көрсетілген тізімді егжей- тегжейлі зерделедік. Қазір іздестіру жұмыстарының жоспарын пысықтап жатырмыз, – дейді Қорғаныс істері жөніндегі басқарманың бастығы, подполковник Ербол Өтебаев. – Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – соғыс жылдарында тұтқында қаза тапқан әскери қызметшілердің есімдерін мәңгі есте қалдыру, олардың тарихи мұрасын сақтау, сондай-ақ ұрпақтары мен туыстарын анықтау.

«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген сөз басқарма қызметкерлері үшін жай ғана ұран емес, нақты іске айналды. Құрылған арнайы іздестіру тобы облыстан майданға аттанып, Ұлы Отан соғысының ұрыс далаларында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің тағдырын анықтап, олардың туыстарын табуға күш салмақ.

Іздестіру ауқымын кеңейту мақсатында басқарма бастығы облыста танымал «Обелиск» тарихи-өлкетану орталығының өкілдерімен байланысқа шықты. Орталық жетекшісі Галина Выборнова әскери қызметшілердің бастамасына қолдау білдіріп, қоғамдық ұйым мүшелерінің жауынгерлердің туыстарын іздестіру жұмыстарына белсене қатысуға дайын екенін жеткізді.

Іздестіру барысында бірқатар қиындықтар да кездесіп отыр. Өйткені сұрау салуда көрсетілген мекенжайлардың кейбірі ескірген. Мәселен, Всеволод Тестоедов пен Сергей Лизаченко тұрған Сталин көшесінің қазіргі атауы белгісіз. Ал Ефим Сидоренкоға қатысты нақты мекенжай мүлде көрсетілмеген. Құжатта тек «Қазақстан, Жамбыл облысы» деген мәлімет бар.

– Алдымызда күрделі міндет тұр, – дейді подполковник Ербол Өтебаев. – Дегенмен бұл іске шын ниетпен кірісіп, әскери қызметшілеріміздің хатқа бірден үн қатқанының өзі тарихымызды қадірлейтінімізді, батырларымыздың есімін құрметпен сақтайтынымызды көрсетеді. Басқармамыздың барлық қызметкері, әскери қызметшілер де, азаматтық персонал да қолдан келген көмегін көрсетуге дайын. Тарихты ұмытпау, батырлардың есімдерін мәңгі есте қалдыру және олардың ұрпақтарымен байланысты қалпына келтіру – баршамызға ортақ міндет.

Жүргізіліп жатқан ауқымды іздестіру жұмыстарының түпкі мақсаты – бүгінде Қазақстанда тұратын Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің ұрпақтарына арада 80 жыл өтсе де, батыр бабалары туралы хабар жеткізу. Ұзақ жылдар бойы «хабар-ошарсыз кеткен» деп есептелген жауынгерлердің есімдері анықталып, ұрпақтарының жадында қайта жаңғыруына мүмкіндік жасау. Арада қанша жыл өтсе де, соғыстың жаңғырығы басылған жоқ. Әскери қызметшілер бұл тарихи жадтың өшпеуі үшін іздестіру жұмыстарын жалғастыруға дайын.

P.S.

Газет редакциясы да іздестіру жұмысына қолдау білдіріп, оқырмандар назарына Жамбыл облысынан туыстары іздестіріліп жатқан алты жауынгер туралы мәліметті ұсынып отыр.

Іздестіріліп жатқан жауынгерлердің қатарында 1908 жылы 10 қаңтарда дүниеге келген Сугуров Зартай Сугурович бар. Әскери атағы – кіші лейтенант. Жұбайы – Сугурова Кумбаткул. Туыстарының соңғы тұрған мекенжайы – Қазақстан, Жамбыл облысы, Свердлов ауданы, №10.

1915 жылы 14 желтоқсанда туған Тестоедов Всеволод Артемович те іздестірілуде. Әскери атағы – кіші лейтенант. Әкесі – Тестоедов Артем. Соңғы белгілі мекенжайы – Жамбыл қаласы, Сталин көшесі, 101.

1921 жылы Орынбор қаласында дүниеге келген Ребров Алексей Алексеевичтің әскери атағы – Қызыл әскер жауынгері. Туысы ретінде Реброва Анна көрсетілген. Соңғы белгілі мекенжайы – Қазақ КСР, Жамбыл қаласы, Деповская көшесі, 69.

1911 жылы 22 қазанда Өзбек КСР-інің Ташкент қаласында туған Лизаченко Сергей Кузьмичтің әскери атағы – лейтенант. Жұбайы – Лизаченко Мария. Туыстарының соңғы тұрған мекенжайы – Қазақстан, Жамбыл қаласы, Сталин көшесі, 27.

1914 жылы 16 шілдеде Қазақстанның Жамбыл облысы, Қордай ауданына қарасты Черная Речка ауылында дүниеге келген Столярчук Тихон Тимофеевичтің әскери атағы – лейтенант. Туысы ретінде Стригунов Степан Филиппович көрсетілген. Соңғы белгілі мекенжайы – Қазақстан, Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Черная Речка ауылы.

Ал 1913 жылы 20 сәуірде дүниеге келген Сидоренко Ефим Федоровичтің туған жері – Жамбыл. Әскери атағы – Қызыл әскер жауынгері. Туысы – Сидоренко Анастасия. Туыстарының соңғы тұрған мекенжайы – Қазақстан, Жамбыл облысы.

Құрметті оқырман! Егер осы есімдер мен мекенжайлар сізге таныс болса немесе аталған жауынгерлердің ұрпақтарын білсеңіз, газет редакциясына хабарласуыңызды сұраймыз. Сіз берген ақпарат талай жылдан бері іздестіріліп келе жатқан жауынгерлердің туған-туыстарымен табысуына себеп болуы мүмкін.

Снежана АЛЬЖЕВА