Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 5 қазандағы №870 қаулысы азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету және мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау тетіктерін жүйелеу бағытындағы маңызды құжаттардың бірі.
Халықты әлеуметтік қорғау – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Әсіресе көпбалалы отбасыларды, балалы азаматтарды, мүгедектігі бар адамдарды, асыраушысынан айырылған отбасыларды және өзге де әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды қолдау қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде ерекше маңызға ие.
Мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмектің негізгі мақсаты – азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу, халықтың осал топтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау және әрбір азаматқа заңнамада көзделген мемлекеттік қолдау шараларын қолжетімді ету.
Осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 5 қазандағы №870 «Жәрдемақылар тізбесін және оларды тағайындау, төлеуді тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату шарттарын, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлемді тағайындау шарттарын бекіту туралы» қаулысы қабылданды.
Аталған нормативтік-құқықтық акт Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 11-бабының 14-1) тармақшасына сәйкес әзірленген. Қаулымен мемлекеттік жәрдемақылардың тізбесі, оларды тағайындау, төлеуді тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату шарттары, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлемді тағайындау тәртібі бекітілген.
Қаулы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі. Оның негізгі мақсаты – әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде бірыңғай талаптарды қалыптастыру, мемлекеттік қолдаудың әділ әрі атаулы сипатта көрсетілуін қамтамасыз ету және әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелерді нақты құқықтық нормалармен реттеу.
Бала тууына байланысты берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы.
Бұл төлем бала дүниеге келген кезде ата-аналарға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың бір түрі. Оның негізгі мақсаты – отбасында нәрестенің дүниеге келуіне байланысты туындайтын бастапқы шығындарды өтеуге жәрдемдесу.
Жәрдемақы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес тағайындалады. Төлем мөлшері отбасында дүниеге келген баланың кезектілігіне байланысты белгіленеді.
Бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы.
Аталған жәрдемақы баланың күтімімен айналысатын және заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келетін отбасыларға көрсетіледі.
Бұл төлемнің әлеуметтік маңызы зор. Себебі баланың алғашқы өмір кезеңінде оның денсаулығы, дұрыс күтімі, тамақтануы және қауіпсіз ортада өсуі ерекше назарды қажет етеді. Осы кезеңде отбасының материалдық жағдайын қолдау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты.
Көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы.
Бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Сонымен қатар жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жүрген балалары да есепке алынады.
Егер бала 18 жасқа толғаннан кейін оқуын жалғастырса, жәрдемақы білім беру ұйымын аяқтағанға дейін, бірақ 23 жасқа толғаннан аспайтын мерзімге дейін төленеді.
Бұл норма көпбалалы отбасылардың балаларына білім алуды жалғастыруға мүмкіндік беріп, ата-аналардың әлеуметтік жүктемесін азайтуға бағытталған.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы көзделген.
Бұл – ана еңбегін, отбасы институтын және бала тәрбиесіндегі аналардың рөлін мемлекеттік деңгейде бағалаудың көрінісі.
Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Аталған жәрдемақы медициналық-әлеуметтік сараптама нәтижесінде белгіленген мүгедектік тобына және Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде көзделген талаптарға сәйкес тағайындалады.
Мұндай қолдау азаматтардың күнделікті өмір сүруіне, қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасауға бағытталған.
Отбасындағы асыраушының қайтыс болуы отбасы мүшелерінің материалдық жағдайына елеулі әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты қайтыс болған асыраушысының асырауында болған еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелеріне заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады. Бұл төлем әсіресе кәмелетке толмаған балалардың, еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелерінің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Мемлекеттік арнаулы жәрдемақы заңнамада белгіленген арнайы санаттағы азаматтарға тағайындалады. Оның алушылар тобы мен төлеу талаптары Қазақстан Республикасының әлеуметтік заңнамасында айқындалған.
Бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтардың күнделікті өмірде өзге адамның көмегіне мұқтаж болуы мүмкін екенін ескере отырып, оларға күтім жасайтын адамдарға мемлекеттік қолдау қарастырылған.
Бұл жәрдемақы күтім жасайтын адамның еңбегін әлеуметтік тұрғыдан қолдауға және мүгедектігі бар азаматтың қажетті күтіммен қамтамасыз етілуіне бағытталған.
Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеу ата-анадан ерекше жауапкершілікті, уақытты және материалдық шығынды талап етеді.
Осыған байланысты мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға немесе қамқоршыға мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады.
Аталған қолдау баланың күтімін, тәрбиесін және қажетті әлеуметтік жағдайларын қамтамасыз етуге жәрдемдеседі.
Бұл жәрдемақы Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде көзделген арнайы талаптарға сәйкес келетін азаматтарға тағайындалады. Оның мақсаты – белгілі бір кәсіптік жағдайларға байланысты әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету.
Осылайша қаулыда бекітілген жәрдемақылар тізбесі азаматтардың әртүрлі әлеуметтік жағдайларын қамтып, мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттарын жүйелейді.
Әлеуметтік жағдай ескеріледі
№870 қаулының маңызды ерекшеліктерінің бірі – жәрдемақыларды тағайындау кезінде отбасының немесе азаматтың әлеуметтік әл-ауқат деңгейін объективті бағалау қағидатын енгізу. Қаулының талаптарына сәйкес, тізбеде көрсетілген жәрдемақылар мен жерлеуге арналған біржолғы төлем мұқтаждық қағидаты негізінде, отбасының немесе адамның әлеуметтік әл-ауқат деңгейін объективті бағалау нәтижелері бойынша ұсынылады.
Бұл ретте азаматтардың нақты әлеуметтік жағдайын жан-жақты қарастыру көзделеді. Әлеуметтік әл-ауқатты бағалау барысында отбасының материалдық жағдайы, кірістері, мүліктік жағдайы және мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі өзге де мәліметтер ескеріледі.
Аталған бағалауды жүргізу үшін кәмелетке толған отбасы мүшелерінің, жәрдемақы алуға үміткер азаматтардың және қайта өтініш білдірген тұлғалардың дербес деректерді жинауға, өңдеуге, тексеруге, өзектендіруге және беруге келісімі талап етіледі.
Соның ішінде заңмен қорғалатын банк құпиясына жататын мәліметтер, кредиттік бюродан алынатын кредиттік міндеттемелер, ай сайынғы төлемдер, мерзімі өткен және қалған берешек сомалары туралы ақпараттар да объективті бағалау үшін пайдаланылуы мүмкін. Бұл талаптардың басты мақсаты – әлеуметтік көмекке шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтау, мемлекеттік қолдаудың атаулылығын арттыру және әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде объективті шешім қабылдау. Сонымен бірге «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері және өзге де тиісті мемлекеттік наградалармен марапатталған көпбалалы аналарға қатысты заңнамада көзделген ерекшеліктер бар. Атап айтқанда, жасы бойынша зейнетақы төлемін алатын осындай аналарға жәрдемақы тағайындау кезінде әлеуметтік әл-ауқат деңгейін объективті бағалау қолданылмайды.
Төлемдерді тоқтата тұру
және қайта бастау тәртібі
Қаулыда мемлекеттік жәрдемақыларды төлеуді тоқтата тұру мен қайта бастау мәселесіне де ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, әлеуметтік әл-ауқат деңгейін объективті бағалау нәтижесінде алушының отбасы «А» немесе «В» деңгейіне жатқызылған жағдайда, жәрдемақы төлемін тоқтата тұру көзделген. Ал ай сайын жүргізілетін объективті бағалау нәтижесінде отбасы немесе азамат қанағаттанарлық, экономикалық осал не экономикалық және әлеуметтік осал деңгейлерге жатқызылған жағдайда, төлемді қайта бастауға негіз қалыптасады. Сонымен қатар әлеуметтік әл-ауқатты бағалау үшін қажетті дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім берілмеуі де жәрдемақы төлемін тоқтата тұруға негіз болады.
Бұл жерде маңызды мәселе – төлемді тоқтата тұру мен оны түпкілікті тоқтату ұғымдарының айырмашылығы. Төлемді тоқтата тұру – белгілі бір жағдайларға байланысты жәрдемақы төлеудің уақытша тоқтатылуы. Егер оны тоқтатуға себеп болған мән-жайлар жойылып, азаматтың әлеуметтік жағдайы белгіленген талаптарға сәйкес келсе, төлем қайта басталуы мүмкін. Ал төлемді тоқтату – жәрдемақы алуға құқық беретін негіздердің заңнамада көзделген тәртіппен жойылуына байланысты төлемнің толық аяқталуын білдіреді.
Осыған байланысты жәрдемақы алушылар өздерінің жеке мәліметтерінің дұрыстығына, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі ақпараттардың өзектілігіне және заңнама талаптарының сақталуына назар аударуы қажет.
Қандай жағдайларда жәрдемақы төлеу тоқтатылуы мүмкін?
Қаулыда жәрдемақы түрлеріне қарай төлемдерді тоқтата тұру және тоқтату негіздері жеке-жеке белгіленген.
Олардың қатарында:
– жәрдемақы алушының қайтыс болуы;
– жәрдемақы алуға негіз болған жағдайлардың өзгеруі немесе жойылуы;
– алушының Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі;
– жәрдемақы алуға құқық беретін құжаттардың қолданылу мерзімінің аяқталуы;
– мемлекеттік органдарға ұсынылған мәліметтердің немесе құжаттардың жалған екендігі анықталуы;
– заңнамада белгіленген өзге де негіздердің туындауы бар.
Мысалы, мүгедектігі бар адамға немесе мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған азаматқа берілетін жәрдемақылар бойынша төлемді тоқтату негіздері тиісті әлеуметтік мәртебенің өзгеруіне, баланың қайтыс болуына, толық мемлекеттік қамтамасыз етуге алынуына немесе ата-ана құқықтарына қатысты заңды шешімдерге байланысты болуы мүмкін.
Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын тұлғаға төленетін жәрдемақы бойынша да күтім жасаушының немесе күтімге мұқтаж адамның жағдайына байланысты арнайы талаптар қарастырылған.
Демек, әрбір жәрдемақы түрінің өзіндік тағайындау, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату шарттары бар. Сондықтан азаматтар өздеріне қатысты төлемдердің құқықтық негіздерін нақты білгені жөн.
Жерлеуге арналған біржолғы төлем талаптары
№870 қаулыда қарастырылған тағы бір маңызды мәселе – жерлеуге арналған біржолғы төлемді тағайындау тәртібі. Жақын адамынан айырылу – әрбір отбасы үшін ауыр жағдай. Мұндай кезде жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға байланысты қосымша шығындар туындайды. Осыған орай, мемлекет заңнамада белгіленген санаттағы азаматтар қайтыс болған жағдайда олардың отбасына немесе жерлеу рәсімін ұйымдастырған адамға біржолғы төлем беруді көздейді.
Қаулыға сәйкес, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алып жүрген азамат қайтыс болған жағдайда жерлеуге арналған біржолғы төлем тағайындалады.
Төлем мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 35 еселенген мөлшерін құрайды.
Ал Ұлы Отан соғысының ардагері болып табылатын жасына байланысты зейнетақы төлемін алушы қайтыс болған жағдайда жерлеуге арналған біржолғы төлем 36,6 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленген.
Бұл төлем қайтыс болған адамның отбасына немесе жерлеу рәсімін нақты ұйымдастырған тұлғаға беріледі.
Осылайша жерлеуге арналған біржолғы төлем азаматтардың қайғылы жағдайға байланысты туындайтын материалдық шығындарын ішінара жеңілдетуге бағытталған мемлекеттік әлеуметтік қолдау шарасы болып табылады.
Азаматтар нені білуі керек?
Жаңа қаулының талаптарын түсіндіру барысында азаматтардың бірнеше маңызды мәселеге назар аударғаны жөн.
Біріншіден, мемлекеттік жәрдемақы алуға өтініш білдірген кезде ұсынылатын мәліметтер мен құжаттар нақты әрі дұрыс болуы қажет.
Екіншіден, отбасының кәмелетке толған мүшелерінің әлеуметтік әл-ауқатты объективті бағалауға қажетті дербес деректерді өңдеуге келісім беруі маңызды.
Үшіншіден, азаматтар отбасы құрамы, тұрғылықты жері, балаларының білім алуы, мүгедектік мәртебесі және басқа да әлеуметтік жағдайлар бойынша мәліметтердің өзектілігін қадағалауы керек.
Төртіншіден, жәрдемақы төлеу тоқтатыла тұрған жағдайда оның нақты себебін анықтап, тиісті құжаттар мен мәліметтерді толықтыру арқылы төлемді қайта бастау мүмкіндігін қарастыру қажет.
Бесіншіден, азаматтар мемлекеттік қызметтерді алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелеріне немесе электрондық үкімет порталына жүгіне алады.
Әлеуметтік төлемдерге қатысты сұрақтар туындаған жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдардан ресми түсіндірме алу ұсынылады.
Қолдау – ортақ жауапкершілік
Мемлекеттік әлеуметтік саясаттың тиімділігі тек заңнамалық құжаттардың қабылдануымен ғана емес, олардың халық арасында дұрыс түсіндірілуімен және іс жүзінде орындалуымен де өлшенеді. Осы тұрғыда тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік жәрдемақыларды алу тәртібі туралы ақпаратты қолжетімді ету және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды.
Тараз қаласы «Әулиеата» ауданы әкімдігі үшін тұрғындардың өтініштері мен әлеуметтік мәселелеріне назар аудару, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттандыру және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған жұмыстарды үйлестіру – басым бағыттардың бірі.
Аудан аумағында тұрғындар арасында әлеуметтік заңнама талаптарын түсіндіру, мемлекеттік қызметтерді алу жолдары туралы ақпарат тарату және тиісті мекемелерге бағыт-бағдар беру, халық арасында түсіндірме жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің №870 қаулысы мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау мен төлеу тәртібін біріздендіруге, әлеуметтік қолдаудың атаулылығын күшейтуге және мемлекеттік қаражаттың әділ бөлінуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Әлеуметтік қолдаудың басты өлшемі – көмекке мұқтаж әрбір азаматтың заңды құқығын қорғау, оның өмір сүру сапасын жақсарту және қоғамда әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету.
Мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті – ешбір азаматты назардан тыс қалдырмай, әлеуметтік қолдаудың қолжетімді әрі әділ болуын қамтамасыз ету.
Барлық ТӨРЕХАНОВ,
«Әулиеата» ауданының әкімі.
Тараз қаласы