Құрылтай

Жігерлі боксшы – болашақ офицер

0 7

Қасиетті Әулиеата топырағынан түлеп ұшқан жас дарын, Қазақстан Республикасы ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының 4-курс курсанты Бауыржан Әли – бүгінде ел намысын халықаралық аренада абыроймен қорғап жүрген азамат. Ол оқу мен қызметті кәсіпқой спортпен шебер ұштастырып, шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмей келе жатқан жаңа буынның жарқын өкілі.
Бала кезінен бокспен шұғылданып, темірдей тәртіпке үйренген Бауыржан табандылығы мен қайсар мінезінің арқасында биік белестерді бағындыруда. Кәсіпқой бокстағы барлық жекпе- жектерін мерзімінен бұрын айқын басымдықпен аяқтаған жерлесіміз әлемдік беделді BoxRec рейтингінің үздік ондығына еніп, отандық бокс тарихындағы тұңғыш курсант-боксшы ретінде есімін алтын әріппен жазды.

Ел тыныштығын күзетер болашақ офицер әрі көк туымызды көкте желбіреткен чемпионның өмір жолы – жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондықтан жас спортшының өмірбаяндық деректерін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Бауыржан Әли 2005 жылы 7 маусымда Байзақ ауданы, Мырзатай ауылында дүниеге келген. Бокс әліппесін 7 жасынан бастап үйренген. Оның үлкен спортқа келуіне бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған әкесі Әділбек тікелей ықпал етіп, алғашқы бапкері ретінде бағыт- бағдар берді.

Бесінші сыныптан кейін болашақ чемпион шеберлігін шыңдау мақсатында Тараз қаласына қоныс аударады. Онда Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевты тәрбиелеп шығарған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпековтің қол астында жаттығып, кәсіби тұрғыда қалыптасты.

Білікті бапкердің тәлімін алған жас өрен көп ұзамай өз қатарластары арасында оқ бойы озып шықты. Облыстық және ре спубликалық деңгейдегі жетістіктеріне тоқталсақ, жасөспірімдер арасында облыстың екі дүркін чемпионы атанды. Кейіннен кадеттер мен жаст ар арасында Қазақстан чемпионатында топ жарып, еліміздің екі дүркін чемпионы деген мәртебелі атаққа қол жеткізді.

Халықаралық аренадағы жеңістері де баршылық. Азия чемпионатының жүлдегері атанып, көптеген беделді халықаралық турнирлердің жеңімпазы болды.

«Кіші әлем кубогындағы» жеңісі ретінде 2025 жылы Қарағанды қаласында өткен Ғалым Жарылғапов атындағы халықаралық турнирде («Кіші әлем кубогы») қарсыласқа шақ келтірмей, І-орынды иеленгенін мақтанышпен айтуға болады.

Мектепті тәмамдаған соң Бауыржан Отан алдындағы борышын абыроймен өтеуді мақсат етіп, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсті. Бүгінде ол аталған оқу орнының 4-курс курсанты.

Ол 13 жасынан бастап облыстық полиция департаментінің «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының мүшесі болса, 2026 жылы облыстық полиция департаменті жанынан «Арлан» спорт клубы құрылған сәттен бастап оның толыққанды мүшесі атанды.

Кәсіпқой рингтегі жарқын жолын атап айтсақ, Ғ.Жарылғапов турниріндегі жарқын жеңісінен кейін Бауыржан Әли Қарағандыда кәсіпқой боксқа қадам басты. Ол – Қазақстан тарихында ведомстволық оқу орнында оқи жүріп, кәсіпқой рингке шыққан тұңғыш курсант.

Кәсіпқой бокстағы алғашқы екі жекпе-жегін де мерзімінен бұрын, айқын нокаутпен аяқтады. Әсіресе Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында өткен бокс кешінде Тәжікстан чемпионын бірінші раундтың небәрі 57-секундында нокаутқа жіберіп, жанкүйерлердің зор ықыласына бөленді. Бұл жекпе-жектер отандық Sport+ және спорт арналарынан тікелей эфирде көрсетілді.

Осы жеңістерінің нәтижесінде халықаралық беделді BoxRec порталының рейтингінде өз салмақ дәрежесі бойынша Қазақстан мен ТМД елдері боксшылары арасында үздік ондыққа (9-орын) енді.

Қазіргі уақытта жас спортшы Қарағанды қаласындағы оқуы мен жаттығуын қатар алып жүр. Алдағы уақытта кәсіпқой бокстағы ірі титулдық (белбеулік) жекпе-жектерге шығуға толық дайын, Ішкі істер министрінің ресми рұқсаты берілген сәтте шаршы алаңда ел намысын қорғауға сақадай сай.

Бауыржан Әли – иығындағы погон мен казарма тәртібін, темірдей тегеурінді талап ететін үлкен спорт пен білімді бір арнаға тоғыстыра білген бүгінгі қазақ жастарының жарқын үлгісі. Оның өмір жолы – тәртіп пен табандылық бар жерде әскери қызметті де, әлемдік деңгейдегі спорттық жетістіктерді де қатар алып жүруге болатынының айқын дәлелі.

Қазақстан Республикасының кәсіби бокс федерациясы.